Елорда жаңалықтары

Жайлы мектепте оқушыларға барлық жағдай жасалған – ата-ана

Биыл Астанада 15 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 14 мың оқушыға арналған 7 білім ордасы ашылады. 4 мектеп «Нұра» ауданында, 2 мектеп «Алматы» ауданында, 1 мектеп «Байқоңыр» ауданында орналасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елорданың «Үркер» тұрғын алабында жақында ашылған №33 орта мектепте қазіргі кезде 900-ге жуық оқушы білім алады. Мұнда  60-тан астам педагог қызмет етеді.

«Білім ордасында инклюзия кабинеті бар. Мұнда ерекше білімді қажет ететін оқушылармен арнайы бағдарлама бойынша логопед, дефектолог мамандар жұмыс істейді», - деді мектеп директоры Дана Оразалина.

Басшының айтуынша, мектептің материалдық базасы соңғы үлгіде жасақталған. 

«Әрбір сынып озық технологиямен, сабақ барысында қажет оқу құралдарымен жабдықталған. Бұл – бір ауысымды мектеп. Мұнда оқушылар түстен кейін ұнатқан үйірмелерге барып, уақытын қызықты әрі пайдалы өткізеді. Мұнда хореография залы, телестудия, подкаст жазатын арнайы кабинет, кітапхана, оқу залы және тағы басқа мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ оқушылардың техникаға құштарлығын арттыру үшін робототехника, STEM зертханасы жабдықталған. Ал әр жұма сайын оқушыларға тоғызқұмалақ, қазақша күрес бойынша үйірмелер өткіземіз», - деді басшы.

Бір айта кетерлігі, мұнда екі инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді.

«Біріншісі – сенсорлық, екіншісі – инклюзивті кабинет. Мұнда балалар аптасына екі рет 35 минуттан сабаққа қатысады. Арнайы мамандар ерекше балаларға  түзету, дамыту жұмыстарын жүргізеді. Нақтырақ айтсақ, жаңа технология бойынша әртүрлі әдістер арқылы бала  зейінін, қол моторикасын, ойлау қабілетін дамыту бойынша түрлі тапсырма орындайды», - деді психолог Мөлдір Тасымова.

Атамлыш мектептің ашылғанына ата-аналар риза екендерін жасырмады.

«Бұл мектептің ашылғанын көп күттік. Бұрын тұрғын алапта тек бір мектеп болған. Жайлы мектеп оқушыларға өте қолайлы. Мұнда менің екі балам оқиды. Мектептің іші соңғы үлгіде жабдықталған. Оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Бастысы  мұнда балалар бір ауысымда білім алады. Ал түстен кейін олар шығармашылықпен, спортпен айналысады. Үйірмелер – тегін», - деді ата-ана Жанар Шамаева.