Елорда жаңалықтары

Жаңа станция елорданы 2035 жылға дейін сумен қамтамасыз етеді – әкім

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада жаңадан салынып жатқан су құбыры мен төртінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz

«Елорда тұрғындарының жыл сайынғы өсімін ескере отырып, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қуатын жоспарлы әрі кезең-кезеңімен арттыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Біз қазірдің өзінде газ жылу станцияларының (ГЖС) құрылысы есебінен қаланың жылу қуатын ұлғайттық. Бұл өз кезегінде жаңа нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік жасайды. Сол сияқты жаңа ГЖС, қосалқы электр станциялары салынуда, олардың арасында қолданыстағы нысандар да жаңғыртылып жатыр.

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдың көктемінде су мәселесі болды. Сол жылы жазда жаңа су құбыры мен үшінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3) іске қосылды. Қазіргі уақытта қалада қуат тапшылығы жоқ. Бұдан бөлек, алдағы жылдарға арналған қор да бар», - деп жазды Астана қаласының әкімі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Астананы қосымша тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін «Телман» сорғы станциясында техникалық су құбырын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Техникалық су құбырының екінші желісін салу арқылы «Тельман» бірінші көтеру сорғы станциясы тәулігіне 160 мың м³ жобалық қуатына толықтай шығады.

Сонымен қатар Нұра жерасты су орнында су құбырын салу жобасын әзірленген.

«Ұзақмерзімді шаралар аясында Қ.Сәтбаев атындағы арнадан жаңа су құбыры мен төртінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-4) салуды бастадық. Су алу нысанының өнімділігі – тәулігіне 342 мың м³. ССС-4 қуаты – тәулігіне 210 мың м³. Аталған жобаны іске асыру 2035 жылға дейін халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге қажетті қуат береді.

Сондай-ақ Хусейн бен Талал көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі су құбырын тұйықтау жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жоба Тұран даңғылының батысындағы ауданды сумен қамтамасыз етеді. Жобалау жұмысы 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр», - деді Ж.Қасымбек.