«Жүрегім қазақ деп соғады»: Қазақ тілін меңгерген астаналық кәріс жігіті
Елімізде бір шаңырақ астында татулық пен ауызбіршілікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі боларлық. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық артып жатыр. Олар мемлекеттік тілді меңгеру арқылы қазақ халқының ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, мәдениетімен танысуда. Одан бөлек өзге ұлт өкілдерінің күнделікті қызметіне қазақ тілінің көмегі де тиіп жүр екен. Elordainfo.kz тілшісі елордалық тергеуші, қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін кәріс ұлтының азаматы Павел Тенмен әңгімелесіп қайтты.
Павел – қазақ тілін туған тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі. Ол – қазір Астанадағы Есіл аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция аға-лейтенанты. Өмірде жан-жақты болуды жаны сүйетін Павел кәріс ұлтының отбасында дүниеге келген.
«Жасым 24-те. Қызылорда қаласының тумасымын. Өздеріңізге мәлім, ол жақта қазақтар өте көп. Сондықтан мен қазақ тілді ортада ер жеттім. Достарым қазақ ұлтынан болды. Одан бөлек, үйде әжем, әке-шешем, ағам, інім барлығы қазақша, орысша сөйлестік. Менің ойымша, қазіргі кезде мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері өте көп», - деді ол.
Кейіпкеріміз қоғамдық орындарда кәріс жігітінің қазақша сайрап тұрғанын көргендердің ішінде әлі де таңғалатын азаматтардың барын айтты. Алайда Павел өзі қазіргі кезде мемлекеттік тілде сөйлеу, көпшілікті таңқалдыратын жайт емес деп ойлайды.
«Егер сіз қазір қай ортада жүрсеңіз, сол ортаның тілін білген дұрыс. Мысалы, мен Кореяға баратын болсам, онда ол тілді де үйреніп аламын деп ойлаймын. Бүгінгі таңда мен қазақша, орысша емін-еркін сөйлеймін. Тіпті маған ойымды қазақ тілінде жеткізген әлдеқайда жеңіл. Ал кәріс тілінде әзірше сөйлемеймін. Бірақ өзгелердің сөзін түсіне аламын», - деді тергеуші.
Оның айтуынша, күнделікті қызметіне де қазақ тілінің көп көмегі тиіп жүр екен.
«Мен 2018 жылы ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түстім. Ал 2022 жылдан бастап Астанадағы Есіл аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінде қызмет етемін. Бүгінгі таңда мен тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция аға-лейтенантымын. Жұмыс барысында тергеуді қазақ тілінде де жүргіземін. Кейде, байқаусызда орыс ұлтының азаматтарымен қазақша сөйлеп кететін кездер де болады», - деді астаналық тергеуші.
Оған «Бейтаныс адамдар сізбен бірінші кезекте қай тілде сөйлеседі?» деп сауал қойған едік.
«Олар менімен қазақша сөйлеседі. Бет-жүзімді қазақ ұлтына ұқсатады.Жұмыс барысында яғни тергеу кезінде куәгерлерге, өзге де тұлғаларға өзімді таныстырғанда қазақ тілділер орысша сөйлей бастайды. Сол кезде мен «қазақ тілінде де сөйлей беріңіз. Мен түсінемін» деп айтамын. Ал достардың арасында көбінесе қазақші сөйлесемін. Өзгелер таңқалып «сен неге қазақша сөйлейсің?» деп сұрағандарға «Жүрегім қазақ деп соғады, түрім сәл қазақ ұлтына келеді», деп жауап беремін», - деді ол.
Әңгіме барысында ол қазақтың ақын-жазушылары, салт-дәстүрі жайында білетінін айтты.
«Мектеп кезінен қазақтың бас ақыны Абайдың, жазушы Мұхтар Әуезовтың, Міржақып Дулатовтың, Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқып өстік. Қазір көбінесе қазақ және орыс тілдерінде биография мен психологиялық кітаптарды көп оқимын. Біз үйімізде қазақтың салт-дістүрлерін ұстанамыз. Мысалы, қыз ұзату, құдалық, қырқынан шығару, тұсаукесер, және т.б», - деді аға тергеуші.
Жас та болса, тәжірибелі тергеуші Павел Тен өте маңызды қызметтің дәл ортасында жүріп, көптеген қылмыстар бойынша тергеу амалдарын жүргізіп келеді.
«Бұл мамандық – оңай іс емес. Оның қызығы мен қиындығын сөзбенайтып жеткізуге болмайды. Бірақ әр ашылған, аяқталған қылмыстық істер бір ерекше сезімге бөлейді. Тергеуші мамандығында жетістіктерге жету үшін адамға ең әуелі сабырлылық керек деп ойлаймын», - деді ол.
Оның айтуынша, кез келген істің қозғалғаны ол жұмыстың басталғанын білдіреді. Әр қылмыстық іс бойынша жан-жақты тергеу жмұыстары жүргізіледі, кінәлілердің кінәс і дәлелденеді. Кейін олпрокуратураға жолданады. Прокуратура істің заңдылығын тексеріп, ары қарай сотқа жолдайды.
«Бұл жұмыс ұшқыр ойды, дұрыс шешім қабылдауды, психологичлық. Физикалық дайындықты керек етеді. Бастысы адам жан-жақты болуы тиіс. Себебі тергеуші әр сала бойынша қылмыстық істерді ашумен шұғылданады. Соларды ашуға оның әр салада білімі болуы керек. Сондай-ақ тергеу барысында күдіктінің қайм уақытта рас не өтірік айтқанын аңғаруда психологиялық жағынан білімді болуы жөн», - деді спикер.
Аға-тергеуші Павел Теннің күн сайынғы жұмысы таңғы сағат 8:30-да басталады.
«Әр күн сайын жоспарымызды дайындаймыз. Онда қандай тергеу істерімен шұғылданатынымызға дейін жазылады. Күн сайын жұмыс басталар уақытта таңертеңгілік жиналыс өткізіледі. Мұнда «кімнің қандай жұмыстары бар?» секілді әрқайсысының жоспарлары туралы басшылықпен талқыланады. Істің сол уақытта қай деңгейде екендігі айтылады», - деді Павел Тен.
Жұмыстан тыс уақытта ол достарымен атқа мініп шабады.
«Бос уақытымда спортпен айналысамын, түрлі кітаптар оқимын. Достарымызбен бірге аптасына бір рет атқа мініп серуендейміз. Әсіресе атқа мініп шабамыз. Сол кезде бойымдағы патриоттық рух одан сайын арта түседі. Болашақта тергеуші болуды жоспарлап жүргендерге кеңесім, әр іске сабырлылықпен қарауға дайын болу керек екендігін жеткізгім келеді. Бастысы қолға алған әр істі соңына дейін жеткізе білу қасиеті болуы керек», - деп сөзін түйіндеді Павел Тен.