Елорда жаңалықтары

«Заң және тәртіп»: елорда студенттеріне есірткінің зияны туралы дәріс оқылды

Астанада есірткі қылмыстарының алдын алу және тыйым салынған заттарды қолданудың зияны туралы бір айлық акция жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Акция аясында Д.Қонаев атындағы колледж студенттеріне профилактикалық дәріс өткізілді.

Еске сала кетсек, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында елордада нашақорлыққа қарсы 30 күндік кешенді профилактикалық шаралар басталған болатын. Бағдарламаға бірлескен рейдтер, оқу орындарында түсіндіру сабақтары, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтап, жою жұмыстары кіреді.

Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарымен күрес қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізілуде. Оның аясында елорданың мектептері мен колледждерінде күн сайын профилактикалық дәрістер ұйымдастырылып келеді.

Д.Қонаев атындағы колледждің бірінші курс студенттерімен кездесуге елордадағы Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкері, «әлемдегі ең күшті полицей» ретінде алты мәрте Гиннес рекордтар кітабына енген Бауыржан Камалиев және блогер, спортшы әрі рекорд иесі Арман Сүлеймен қатысты.

Олар студенттерге есірткі түрлері, оның зияны және ондай заттардан қалай сақтану керектігі туралы айтып берді.

Сондай-ақ, есірткіні тарату, сақтау және қолданғаны үшін заң алдындағы жауапкершілікті еске салды.

«Қымбатты студенттер, егер сіздерге есірткі таратып, жеңіл ақша табуды, яғни «жасырын жеткізуші» болуды ұсынса, ең алдымен болашағыңызды, ата-аналарыңыздың сіз үшін алаңдайтынын ойлаңыздар», – деп жастарға үн қатты Арман Сүлеймен.

Кездесуде белсенділік танытқан студенттер естелік сыйлықтармен марапатталды.