Елорда жаңалықтары

Заңнамада несие беру кезінде тәуекелдерді азайту қарастырылады

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы брифинг өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2023 жылдың 3 наурызынан бастап елімізде жеке тұлғалар үшін банкрот болуға өтініш беру басталған. Статистика бойынша, бүгінге дейін 108 862 өтініш келіп түсіп, оның ішінде 15 018 жеке тұлғаға «банкрот» мәртебесі беріліпті. Спикердің айтуынша, қалған 83 828 өтініш қабылданбады, 1 879 өтінішті азаматтардың өздері кері қайтарып алған, бүгінгі таңда 8 137 өтініш қаралып жатыр.   

«Жақында, 19 маусымда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. Түзетулер 2024 жылдың 25 тамыз айынан бастап күшіне енді», - деді Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Исабек Зауытбекұлы.