Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды
Астананың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалада қар күреу жұмысы үздіксіз жүргізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
11 ақпанда күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2 649 жол жұмысшысы және 1 350-ден астам арнайы техника шықты.
11 ақпанға қараған түні елордадан 1 957 рейспен қар полигондарына 25 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап қаладан 451 095 ауыр жүк рейсімен 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.