Қыс басталғалы елордадан 6 млн текше метрден астам қар шығарылды
Астанада қар күреу жұмысы тоқтаусыз жүргізіледі. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
19 ақпан күні таңертең қар тазалау жұмысына 2 557 жол жұмысшысы және 1 282 арнайы техника шықты.
19 ақпанға қараған түні елордадан қар полигондарына 24 858 текше метр қар 1 929 рейспен шығарылды.
Қыс мезгілі басталғалы қаладан 487 388 ауыр жүк рейсімен 6 025 262 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Айта кетейік, қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.