Елорда жаңалықтары

«Visit Astana» бағдарламасы туристік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған

Елордада «Visit Astana» және «Сапа белгісі» серіктестік бағдарламасының қатысушыларына сертификаттар табыстау салтанаты өтті, деп хабарлады  Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Сертификаттарды бағдарламаның 54 жаңа серіктесі алды, олардың ішінде:
• 41 қоғамдық тамақтандыру объектісі,
• 12 қонақ үй,
• 1 туроператор.

Қазіргі уақытта «Visit Astana» бағдарламасына қатысушылардың жалпы саны 114 серіктеске жетті, бұл туристік бизнестің жоғары сапа стандарттарын дамытуға және енгізуге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Іс-шарада «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов және Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев құттықтау сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде елорданың заманауи туристік орталық ретіндегі имиджін нығайту үшін бағдарламаның маңыздылығын атап өтіп, саланың дамуына қосқан үлесі үшін барлық қатысушыға алғыс білдірді.

«Астана даму орталығы» ЖШС іске асыратын «Visit Astana» серіктестік бағдарламасы – елордадағы туристік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған бірегей бастама. Ол –  туристік саланың негізгі бағыттарын қамтиды: қонақ үй және мейрамхана бизнесі, туроператорлардың қызметі және туристік тартымды нысандар. Бағдарламаның мақсаты – Астананы халықаралық қонақтарды қабылдауға дайындау және оның жетекші туристік бағыт ретіндегі мәртебесін нығайту.

«Visit Astana» бағдарламасы үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген:
* Қытайдағы «Инфрақұрылым 5А»бағдарламасы,
* Испаниядағы туризм сапасының белгісі,
* Швейцариядағы стандарттау жүйесі және т.б.