Елорда жаңалықтары

«Тіл үйренуді қиындатпау керек»: ағылшын тілі пәнінің мұғалімінен кеңестер

Астана қаласы Әлімхан Ермеков атындағы N°38 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Замзагүл Туитина тіл үйренуге қажетті кеңестерін айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

- Тіл үйренемін деп жүрген талапкерлерге қандай кеңес бересіз?

- Ағылшын тілінің ережелерін ұғыну мен тілге үйренісу күрделі. Тіл үйренуге ынтызар болғандықтан, меңгеру қолымнан келді. Менің ойымша, алдымен ағылшын тілін үйрену үшін, ағылшын тіліндегі қызықты ақпаратты тыңдаған жөн. Мысалы, ағылшын тіліндегі әуендер және түрлі танымдық видеоларды тыңдау арқылы оқушылардың құлағы бұл тілге үйренеді әрі олар ағылшындардың сөйлеу мәнерін байқай алады. Тыңдалым арқылы олардың ағылшын тілінде ауызша сөйлеу дағдысы жетіледі деп білемін. Әлбетте, ағылшын тілінде жазылған, өздеріне қызықты тақырыптағы кітаптарды оқыған дұрыс. Ағылшынша кітап оқу арқылы білім алушылардың сөздік қоры кеңейеді және бұл тілге тән грамматикалық ережелерді зерттей алады. Кейін жазу дағдылары қалыптасады. Ағылшын тілін күнделікті өмірде қолдану, жаттанды түрде емес, өздеріне жеңіл әрі қызықты жолмен игеру тілді толық меңгеріп алуды жеңілдетеді. Ең бастысы, олардың бойында ағылшын тілін қайткен күнде үйренемін деген құлшыныс болса, ағылшын тілін үйрену қолдарынан келетіні сөзсіз!

- Қазақ балалары ағылшын тілін үйренуге ерекше қабілетті деп санайсыз ба?

- Қазақ халқы тіл үйренуге өте қабілетті дер едім. Оған тарихта аттары алтын әріптермен жазылған, бірнеше тілде шебер сөйлеген Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай секілді тұлғалар дәлел. Бүгінде қазақ балалары жастайынан екі тілді үйренгендіктен, ағылшын тілін игеру оларға ауыр болмас деп ойлаймын.  Осы орайда ескере кететін жайт, ол үйрену барысын күрделендірмеу. Керісінше, жастарды түрлі ойындармен, ізденімпаздықтарын жетілдіретін жобалармен ағылшын тілін үйренуге қызықтыру.

- Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін сізге алғысымды білдіремін! Жұмысыңызға табыс тілеймін!

Аружан Өміртайқызы,

Астана қаласы

Әлімхан Ермеков атындағы

N°38 мектеп-лицейінің

11-сынып оқушысы