Терезеден құлау оқиғалары ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруымен байланысты болып отыр - ТЖД
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері елордада балалардың терезеден құлау жағдайлары бойынша 56 оқиға тіркелген, оның жетеуі өліммен аяқталған. Осыған орай Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қандай шараларды қолға алу қажеттігін түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, терезеден құлау оқиғалары көп жағдайда ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруына байланысты болып отыр.
Балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу үшін Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Ювеналды полициямен, МИБ төрағалары және еріктілермен бірлесіп елорданың көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде жадынамалар таратып, тұрғындарға қауіпсіздіктің негізгі қағидалары мен балалардың жарақаттануының алдын алу туралы түсіндіріп, үгіт-насихат іс-шараларын жүргізуде.
«Қазіргі уақытта 230-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді аралау жүргізілді, 5800 данадан астам жадынама орналастырылды (әр кіреберісте және лифттерде), 19000 тұрғын түсіндірме жұмыстарымен қамтылды.
Қаланың 130 мектебінде 5000-нан астам оқушыны қамтитын дәрістер, 90 балабақшада сабақтар өткізілді. Whatsapp мессенджерінде ата-аналар чаттары бойынша, сондай-ақ МИБ және ПИК чаттары бойынша ақпараттық жадынамалар таратылды», - делінген Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған мәліметте.
Сонымен қатар балалардың терезеден құлауының алдын алу мәселесі бойынша департамент бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттандыру жұмысын жалғастырады, республикалық телеарналарда, танымал әлеуметтік желілерде сөз сөйленеді.
«Маркет-Радио Астана» ЖШС-мен жасалған меморандум шеңберінде адамдар жаппай жүретін 40-тан астам нысандарда (ОСО, СҮ, базар, дүкендер) балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу бойынша аудиороликтер таратылып жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
Балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қандай шаралар қабылдау қажет?
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салады:
- үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз, өйткені бір секундқа алаңдау жеткілікті, бұл баланың өміріндегі соңғы сәтке айналуы немесе оны біржола мүгедек етуі мүмкін;
- балаларды қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнаған кезде;
- терезені тиісті қорғаусыз масалардың торларын пайдаланбаңыз - балалар сенімді тірек ретінде қабылдай отырып, оларға сүйенуді ұнатады, содан кейін олармен бірге құлап кетеді;
- баланың терезені өз бетінше ашуына жол бермейтін қауіпсіздік құлыптарын (блокаторларды) терезелерге орнатыңыз;
- бала терезеге көтерілмеуі үшін жиһазды терезелердің жанына қоймаңыз.
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!