«Таза бейсенбі»: Алматы ауданындағы акцияға 30-дан астам адам қатысты
Бүгін Астананың Алматы ауданында «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Аудандық әкімдік пен AMANAT партиясының Астана қалалық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған экоакцияға 30-дан астам адам қатысты. Акция «Отан Ана» монументінің жанындағы саябақта өтті. Мұнда біз күз мезгілінде түскен жапырақтарды жинадық», - деді Алматы ауданы әкімдігінің Өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы Нұрберген Нұрмұхамбет.
Экоакцияның мақсаты – қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікті арттыру және табиғатты таза ұстау мәдениетін қалыптастыру.
«Бүгін Астанамыздағы саябақтардың бірін күзгі жапырақтардан тазалау жұмыстарына атсалыстым. Қала да, табиғат та, ауа да барлық адамға ортақ қазына. Сондықтан айналамызды таза ұстаған жөн», - деді акцияға қатысушы, «Жастар рухы» жастар қанатының елордалық филиалының мүшесі Тұрабек Алханов.