«Таза Қазақстан»: «Нұра» спорт кешені тазалыққа үлес қосты
Бүгін Астана қаласының шетінде орналасқан Үркер шағын ауданындағы "Нұра" дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Таң сәріден басталған тазалық шарасына кешенде тұрақты түрде жаттығатын жас спортшылар, жаттықтырушылар мен қызметкерлер белсенді қатысып, кешеннің терезелерін жуып, айналаны қоқыстан тазартып, көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Салауатты өмір салтын насихаттайтын «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ұжымы табиғатты қорғау – әр азаматтың борышы екенін жас буынға үлгі етуді көздеп, мұндай игі бастамаларды жүйелі түрде жалғастыра беретінін айтты.
«Біз үшін мұндай акциялар өте маңызды. Себебі ол жас спортшылардың бойында табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастырады. Тазалық – денсаулық кепілі. Сондықтан мұндай шаралар тұрақты түрде жалғасатын болады», – деді кешен басшысы Жасұлан Абдыхалықов.
Сенбілікке кешенде йогаға келетін тұрғындар да қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
«Бүгін біз, Үркер шағын ауданының тұрғындары, йога сабағына келіп қана қоймай, тазалық шарасына да белсене араластық. Жазда ашық аспан астында жаттығу жасайтын алаңымызды сыпырып, күл-қоқыстан тазартып алдық», – деп йога жаттықтырушысы Марина Шустова пікірін білдірді.