Таза Қазақстан: Елордалық мектептерде «Жасыл клуб» жобасы іске қосылды
Астана қаласында оқу орындарының ішінде оқушыларға арналған заманауи қоқыс жәшіктері орнатылды. Шыны, қағаз, пластик салатын және құмыралар мен бөтелкелерді қайта өңдеуге арналған жәшіктер тазалықты сақтауға, балаларға қоршаған ортаны ластамауды ескертіп тұр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жасыл клуб» жобасы бойынша іске асқан шараға қаладағы 20 мектеп қатысып отыр. Жобаның мақсаты – оқушылардың табиғатқа деген құндылық қатынасын қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша олардың экологиялық сауатын арттыруға ықпал ету.
Алғаш болып №103 орта мектепте қойылған қоқыс жәшіктері оқушыларға ыңғайлы етіп оқу ордасында әр сынып пен дәліздерге қойылған.
«Бұл – оқушыларды қоршаған ортаға қамқорлық жасауға және жауапкершілікпен қарауға үйретудің тамаша тәсілі. Қазіргі таңда балалардың көзі үйреніп, қоқыс салатын жәшіктер лезде толады», - дейді мектеп директоры Жанат Тұрысбекқызы.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Астана мектептерінде бірқатар бастама бастау алды. Ұстаздар мен оқушылар бірігіп, қоршаған ортаның тазалығы үшін әртүрлі жобаларды атқарып жатыр. Болашақта одан әрі жаңа жобаларды іске асыру қала мектептерінде жоспарланып отыр.
Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр.
Экоакция аясында қалада нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.