«Таза Қазақстан»: Елордада V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушылары ағаш отырғызды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында тоғызқұмалақтан жарысқа қатысушылар «Тұран» даңғылындағы жаңа алаңдарға ағаш отырғызды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әр елден келген спортшылар бас қаламызды шырша, қарағай тәрізді 50 көшетпен көгалдандырды. Республикалық акцияға қатысушылар арасында Қырғызстан, Венгрия, Германия, Бангладеш, Аргентина және т. б. елдерден келген құрама командалар бар.
«Экологияны, Жер-Ананы қорғау, бұл - көшпенділер ойынының символы. Сол себепті дүбірлі додаға келген делегациялар атынан тал егіп, еліміздегі осындай жақсы оқиғаға байланысты із қалдыру туралы ұсынысымызды Астана қаласы әкімшілігіне айтқан болатынбыз. Аталған ұсынысымыз бірден қолдау тауып, көшеттерді отырғызатын орын да белгілі болды. Бұл үшін әкімшілікке ризашылығымызды білдіреміз. Міне, бүгін 41 елден келген делегация өкілдерінің әрқайсысы гүлзарға ағаш отырғызып жатыр», - деді ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсын.
Сөйтіп, «Ханшатыр» СОО маңындағы гүлзарлар абаттандырылды. Бұған дейін қала белсенділері мен аудан әкімдігі елордадағы қарбаласып жататын даңғылдардың бірінің бойындағы гүлзарларды абаттандыру жөнінде ұсыныс жасаған болатын.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елордада спорттың 21 түрі бойынша жарыстар өткізіледі. Астанада тоғызқұмалақтан жарыс 10 қыркүйекте басталды. Қазақстан ұлттық құрамасы үш алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші болды.
Еске салайық, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы елордада ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап өткізіліп келеді. Осы бастама аясында бас қалада түрлі іс-шаралар өткізіліп, оған мыңдаған астаналықтар қосылды. Тұрғындар қаланы абаттандыруға, ағаш отырғызуға, өзендерді тазартуға және рұқсат етілмеген полигондарды жоюға белсенді қатысады және әлеуметтік бастамаларды қолдайды.