Елорда жаңалықтары

«Таза Қазақстан»: Елордада стритболдан Байқоңыр ауданында жастар турнирі өтті

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласының Байқоңыр ауданында жастар арасында стритболдан турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Турнирдің ашылуына Астана қалалық мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясы жанындағы жастар қанаты - «Жастар Рухы» филиалының төрағасы Арсланбек Мақзұм қатысты.

Жарыста 16-25 жас аралығындағы белсенді жастардан құралған 5 команда жүлдеге талас жүргізді. 

«Стритбол – жастар арасында кең танымал, заманауи әрі қолжетімді спорт түрі. Бұл ойынды ұйымдастыру оңай. Ал ашық алаңда өткізілуі қатысушыларға еркіндік пен серпін береді. Стритбол жастардың физикалық дамуына ғана емес, сонымен қатар командалық рухты, көшбасшылық қабілетті және әділ бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді», - деді жарыс ұйымдастырушысы Қазбек Алмаз.

Жүлдегерлер Байқоңыр ауданы әкімдігінің және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен дипломдар, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Аудан аумағында мұндай спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әсіресе, «Жастар Рухы» жастар қанатының қолдауымен жыл сайын бірнеше спорттық және әлеуметтік турнирлер ұйымдастырылады. Аталған іс-шаралар бұқаралық спортты дамытуға, жастар белсенділігін арттыруға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» секілді бастамаларды жүзеге асыруға үлкен үлес қосады.