«Таза Қазақстан»: Елордада «Менің аулам» челленджі басталды
Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Менің аулам» челленджін бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өз кезегінде ұжым ауланы таза ұстауға, отбасы мүшелерін бір ортақ іске жұмылдыруға, балалардың бойында қамқорлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған іс-шараны Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымына жолдап, тазалық пен жауапкершілік дәстүрін жалғастыруға үндеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында осындай игі істі бастаудағы мақсатымыз – мәдениет мекемелері ұжымдарының аулаларды тазалап қана қоймай, өз отбасымен бірге пайдалы уақыт өткізуіне, сонымен қатар жас ұрпақты да жауапкершілікке, еңбекке баулуына үндеу. Өйткені өнер адамдарының көбінесе қойылымдары болады, жанұяға уақыт бөлуге көп уақыттары бола бермейді. Біз челенджді ұйымдастыру негізінде отбасы институтын дамыту, оның ішінде балаларға тәрбие беру сияқты аспектілерді қарастыруды ұйғарадық. Жалпы, бұл игі істі әр жұма сайын бір мәдениет мекемесі қолдайтын болады. Мәселен, «Менің аулам» челленджін келесі жұма Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филоармониясының ұжымы қолдап, әрі қарай жалғастыру үшін «Жастар сарайы» ұжымына жолдайтын болады», - деді мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұмабаева.
Оның айтуынша, Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты 14 мекеме бар. Яғни әрбір мекеме жұма сайын осы челленджді жалғастырып отырмақ.