«Таза Қазақстан»: Астанада жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
Астананың Сарыарқа ауданында Жамбыл көшесі, 8 мекенжайында тұрғындарға арналған жаңа демалыс орны ашылды. Бұрын бос жатқан аумақта енді жаяу жүргіншілер аллеясы мен көгалдандырылған аймақ болады, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Акция аясында 350-ден астам ағаш (жөке, қарағаш, мамыргүл, бадам және т.б.) отырғызылды. Іс-шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, мәслихат депутаттары Алтыншаш Табылды мен Бауыржан Смайлов, ардагерлер, тұрғындар және коммуналдық қызмет өкілдері қатысты.
Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев бұл шараның «Таза Қазақстан» акциясына орай өткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа демалыс орны қала экологиясын жақсартып, жастарға үлгі болады.
Жаңа кеңістік К.Күмісбеков көшесіндегі бұрын 800 ағаш отырғызылған қоғамдық аймақтың жалғасы болмақ.
Айта кетейік, биыл елордада 170-тей аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, олардың басым бөлігі аяқталды.