Елорда жаңалықтары

«Табиғатты сақта – затқа жан бер»: елордалық мектепте шеберлік көрмесі ұйымдастырылды

Астанадағы №29 орта мектепте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Табиғатты сақта – затқа жан бер» атты шеберлік сабағы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz

Көрмеде мектеп директоры Айжан Маметханқызы мен мұғалімдер, ата-аналар оқушылардың жұмыстарымен танысты. 

Іс-шараның басты мақсаты – пластик бөтелкелерден бұйымдар жасау арқылы оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.  

Көрмеге қойылған заттардың ішінен 9-сынып оқушысы Ақбота Базарбайдың (жетекшісі Гүлия Зейнелқызы) «Менің келешек мектебім!» тақырыбындағы макеті мен 6-сынып оқушысы Бақытжан Ержановтың (жетекшісі Еркегүл Жайсанқызы) пластик бөтелке мен қағаздан жасаған «Гитара аспабы» жұмысы ерекше көзге түсті. 

Пәндік білімді өмірмен байланыстырудың тиімді жолы ретінде шеберлік сабақтың маңызы ерекше аталып өтті. 

«Оқушылар арасында тастанды заттардан және пластик бөтелкелерден бұйымдар жасау байқауы тұрақты түрде өткізіледі. Оқушылар пластик бөтелкелерден тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, өз шеберліктерін көрсетті. Пластмасса бөтелкелер тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға ең керекті, тіпті баламасы жоқ материал болып саналады. Мұндай жұмыстар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, экологиялық ортаға деген жауапкершілігін арттырады», - деді №29 орта мектебінің директоры Айжан Маметханқызы. 

Оның сөзінше, бұл іс-шара жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ұғындыруға ықпал етеді.