Тұтынушылар шағымына жауап бермегені үшін 100-ден аса кәсіпкерге ескерту берілді
Бұл туралы бүгін Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, «Telegram Bot» арқылы тұтынушылардан 370 өтініш келіп түсіп, олардың сұрақтарына толықтай түсініктемелер берілген.
«Азаматтарды жеке қабылдау барысында 600 тұтынушының мәселесі тыңдалып, жедел желі телефонына 700 тұтынушыдан қоңырау түскен. Олардың әрқайсысы мамандардың түсіндірмелері мен қажетті кеңестерін алды.
Тұтынушының шағымына жазбаша жауап бермеу бөлігінде құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін 110 кәсіпкер «Ескерту» түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев.
Егер де кәсіпкер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, бір жыл ішінде қайталап жасаған жағдайда, жеке тұлғаларға – 10, ШК субъектілеріне - 20, ОК субъектілеріне - 30, ІК субъектілеріне – 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Халық арасында тұтыну сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мамандар жедел желі телефоны бойынша кеңес береді, жеке қабылдаулар жүргізеді.