«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары анықталды
Елорда төрінде отандық телевизия өкілдерінің басын қосқан айтулы шара — «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Тележурналистиканың Оскары» аталып кеткен марапат биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Салтанатты шарада 11 негізгі номинация мен 3 арнайы жүлде иелеріне табысталды.
Шараға елдің түкпір-түкпірінен жүздеген кәсіби маман жиналды. Журналистер, продюсерлер, комментаторлар, режиссерлер – барлығы да өз саласының майталмандары. Байқауға 300-ден аса өтінім келіп түсуі — отандық телевизияның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
ЖЕҢІМПАЗДАР ТІЗІМІ:
• Жылдың үздік репортажы — МИР телеарнасы
• Үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама — «Президент» бағдарламасы, 24kz
• Ең үздік спорттық комментатор — Ерік Ерсін
• Үздік журналистік зерттеу — «АЭС және энергетикалық қауіпсіздік», Atameken Business
• Үздік телехикая — «12:00», 31 арна
• Үздік балалар тележобасы — «Түркістан сақшылары», Түркістан ТВ
• Үздік әлеуметтік тележоба — «Таза қала», Жібек жолы телеарнасы
• Үздік өңірлік телеарна — Сарыарқа телеарнасы (Қарағанды облысы)
• Үздік тележурналист — Ақерке Бектас
• Үздік деректі фильм — «Человек с острова Кулалы», Jibek Joly
• Үздік тележүргізуші — Мөлдір Доспаева (Хабар телеарнасы)
АРНАЙЫ ЖҮЛДЕЛЕР:
• КТК арнасы
• Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы жүлде — Евразия бірінші арнасы
• «Тұмар» арнайы жүлдесі — Хабар агенттігіне берілді.
"Үздік тележурналист" атағын иеленген Ақерке Бектас үлкен жауапкершілік екенін айтады.
«Ең алдымен Қазақ телевизиясының қара шаңырағы – Қазақстан Ұлттық арнасына үлкен алғысымды білдіремін. Бұл – мен үшін зор жауапкершілік. Тізімдегі әріптестерім осал емес, сол себепті кім жеңсе де қуанышты болар едім. Бұл жүлдені ата-анама арнаймын – олар үнемі мен үшін тақымын қысып, қолдау білдіріп отырады»,- деді ол.
Ал Санди Сұлтан әділқазылық туралы айтты.
«Бүгінгі кеш – мерекеге толы. Осындай керемет мереке үшін Ақпарат министрлігіне алғыс айтамын. Мен өз дауысымды Ақерке Бектасқа бердім. Сонымен бірге шәкіртім Вероника Вишневская да номинант атанды. Барша әріптестеріме сәттілік тілеймін — барлығы да талантты, еңбекқор журналистер», - деді ол.
«Тұмар» — әділдіктің, сапаның, кәсібиліктің символына айналған бәйге. Ол тек телевизиялық жобаларды марапаттап қана қоймай, билік пен халық арасындағы алтын көпір бола білген, шынайы өмірді көрсетуді мақсат еткен журналистер еңбегіне лайықты баға береді.
Ақнұр Тұяқбай