Светлана Айтбаева: Астана - біздің мерейіміз
Әнші, аты әлемге әйгілі біртуар талант Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева барлық қазақстандықтарды, елордалықтарды Астана күнімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Әлемнің қай жерінде жүрсек те, сағына баратын жеріміз - біздің еліміз. Соның ішінде біздің елордамыз. Жарқыраған, еңсесі биік, сондай таза, күннен-күнге өсіп, көркейіп келе жатқан Астанамызды көріп, қуанамыз.
Біздің Астанаға көшіп келгенімізге жеті жылдай уақыт болды. Бас қаланың елорда болып қалыптасуына куә болған жандармыз. Елордаға көшіп, қоныс аудармай тұрып сонау 2000 жылдардан бастап жиі келіп жүрдік. Келген сайын жаңалыққа, әрбір әдемі ғимаратқа құлашын кеңге жайған қалаға, оның бір тамаша, мамыражай, бейбіт келбетіне қарап дән риза болатынбыз. Өйткені Астана - біздің қуанышымыз, абыройымыз, мерейіміз.
Сондықтан осындай еліміз барына, бейбітшіліксүйгіш мемлекетіміздің барына, жанға жайлы арқаның төрінде самаладай бой көтерген осындай Астанамыздың барына шаттанамыз.
Халқымызды, елордалықтарды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!», - деп құттықтады Светлана Ермекқызы.