Елорда жаңалықтары

Студенттер сирек кездесетін құс тұқымдарын өсіреді

Павлодар облысындағы «Ertis» Жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері «Брама», «Джерсий гиганты» және «Кучинск мерейтойлық» тұқымындағы 30-дан астам үй құсын өсіріп шығарды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Жұмыртқаны салу сәтінен бастап эмбрионның қалыптасуына дейінгі инкубация үдерісінің барлық кезеңі студенттердің толық бақылауында және ғылыми бақылаулармен сүйемелденеді. Бұл практикалық оқыту кәсіпкерлік көзқарасқа негізделіп, студенттерге оқу барысында өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Аграрлық технологияларды игеру басқа бағыттарда да жалғасуда. Жуырда болашақ ветеринарлар еліміздегі ең өнімді етті ірі қара тұқымдарының бірі саналатын қазақтың ақбас сиырын қолдан ұрықтандыру жұмысын сәтті жүзеге асырды.

«Мұндай практикаға негізделген сабақтар студенттердің кәсіби құзыреттерін арттырып, өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады, сондай-ақ білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді», - деді колледж директоры Айгүл Байжұманова.

Бұл бастамалар 2025–2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі Жол картасы аясында қолдау табуда. Колледждер базасында студенттердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған «Business Startup» орталықтары құрылуда.

Айта кетейік, еліміз бойынша колледж студенттері 700-ден астам стартап-жоба мен бизнес-идеаларды жүзеге асыруда. Бұл жобаларға суару жүйелері, экологиялық шешімдер, IT өнімдері және басқа да салалар кіреді.