Елорда жаңалықтары

Скрипка өнерінің саңлағы

Қазақ өнерінің таланттар шоғырында жұлдызы жарқырап тұратын тұлғаның бірі – әлемге әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев «Астана Опера» театрында ғажайып концерт берді. Талантты скрипкашы әрі дирижер, «Қазақстанның ізгі ниетті елшісі» Марат Сәметұлының бірегей «Симфониялық концерті», зал лық толы музыка кеші аншлагпен жоғары деңгейде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Концерттің басты ерекшелігі – оның айрықша акустикалық шешімі. Марат Бисенғалиев авторлық жұмысы ретінде осы жолы квадродыбыстау әсерін паш етті. Бұл – оркестр мен хордың жекелеген топтарының сахнада ғана емес, залдың арнайы акустикалық аймақтарында орналасуы. Ол голографиялық дыбыс жасап, эмоциялық тұрғыда тыңдармандарға зор әсер етті.

Кеш бағдарламасында «Дала», «Air», «Би», «Абай», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қарлығаш», «Дударай» секілді басқа да танымал композициялар таңғажайып орындауымен есте қалды. Дарынды саксофоншы Арухат Мусаипов кештің сәнін келтірсе, оған мультиаспапшылар Серік Нұрмолдаев, Анар Қасымова, Абзал Арықбаев пен Асқар Солтанғазин қосылып, тамаша музыка кешін  айрықша әсерге бөледі.  Хор партияларына да ерекше назар аударылды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов «Астана Опера» хорын ерекше шабытпен басқарды. Ал өзінің әсерлі орындауымен кешке нәзіктік қосқан жас вокалист Анна Юденич те классикалық өнер салатант құрған концерттің маңызын үстей түсті. Оның ғажайып дауысы көрермендердің жүрегін жаулады.

Ғажайып музыка, сирек әуен көрермендерді ұмытылмас әсерге бөледі. Залда отырған көпшілік барлық әртістерге деген ризашылықтарын ду қол шапалақтарымен білдіріп отырды. Қазақтың дарынды өнер саңлағының елорда төрінде өткізген кеші  тыңдарманға көпке дейін әуені құлақтан кетпейтін  таңғажайып әсер сыйлады.

Қазақ есімін осылайша күллі әлемге паш еткен биік өнер өрістеп, скрипканың сиқырлы әуеніне жастарды, жас таланттарды тартып, қызықтыра бермек, жүректерге тамаша музыканың шамын жағып, жарқырай түспек.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.