«Үш бөлмелі пәтер алдық»: «Елорда жастары» бағдарламасының қатысушысы қалай баспаналы болғанын айтты
Қазіргі таңда ірі қалаларда жұмыс істейтін жас мамандар мен олардың отбасылары үшін тұрғын үй мәселесі өзекті әрі күрделі болып отыр. Осы мәселені шешуге бағытталған маңызды жобалардың бірі - «Елорда жастары» бағдарламасы. Бұл бағдарлама елордада еңбек ететін жастарға жеңілдетілген шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бағдарлама аясында баспаналы болғандардың бірі – 36 жастағы елордалық дәрігер Манат Әлімханова.
«2020 жылы «Елорда жастары» бағдарламасы туралы естіген соң, мен дереу «Тұрғын-үй қоры» КММ мен «Отбасы» банкке барып, толық мәлімет алдым. Сол кезде бағдарламаға қатысуға шешім қабылдап, барлық қажетті құжаттарды тапсырдық. Шешім шыққан күнді асыға күтіп, нәтижесінде 51 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерге ие болдық»,- дейді ол.
Төрт қызды тәрбиелеп отырған Манат жалдамалы пәтердің бағасы өте қолайлы екенін жеткізді.
«Біз жалға алған пәтер үшін ай сайын коммуналдық шығындарды есептемегенде 6600 теңге төледік. Дегенмен жалпы ай сайынғы төлем өте қолайлы болды. Қазір мұндай бағаға пәтер жалға алу мүмкін емес. Жалдамалы пәтер уақытша берілгендіктен, біз өзіміздің пәтерімізге алғашқы жарнаны жинауды бастадық. Бүгінде бес жыл бұрын жастарға арналған «Елорда жастары» бағдарламасын пайдаланғанымыз қаншалықты дұрыс болғанын түсінемін. Бұл бағдарлама бізге уақытша тұруға баспана беріп, сол уақытта өз үйімізге қаржы жинауға мүмкіндік берді»,- дейді ол.
Елордалық жас отбасы жалдамалы баспана мерзімі аяқталған соң үш бөлмелі пәтер сатып алған.
«Елорда жастары» бағдарламасының қатысушылары болғандықтан, бізге жеңілдік ретінде тек жаңа баспана ғана емес, екінші нарықтағы үйді де сатып алу мүмкіндігі берілді. Сондықтан банкке табысымызды растап, ипотекаға өтініш жібердік. Нәтижесінде «Алматы» ауданынан жалпы ауданы 64,5 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтер алдық»,- дейді ол.
Айта кетейік, «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы осыдан бес жыл бұрын іске қосылған. Бұл жоба елордада жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін баспанамен қамтуды көздейді. Бағдарлама аясында білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, полиция және басқа да мемлекеттік салаларда еңбек етіп жүрген, жасы 35-ке толмаған жастарға басымдық беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін Астанада тұрақты тіркеуде болу, соңғы бес жылда тұрғын үйдің болмауы және тұрақты табыстың болуы талап етіледі. Толық ақпаратты zhilfond.kz сайтынан немесе Тұрғын үй қорының ресми әлеуметтік желі парақшаларынан алуға болады.