Заң және Тәртіп: прокуратура Астанада “Ашық есік күнін” өткізді
Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуратурасы ҚР Бас прокурорының бастамасымен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында «Ашық есік күнін» өткізді. Іс-шара «Заң және Тәртіп» қағидасы аясында ұйымдастырылып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өзекті мәселелерді жедел шешу және халықпен ашық диалог орнату мақсатын көздеді. Қабылдауға құқық қорғау органдарының өкілдерімен қатар жергілікті атқарушы органдар да қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ашық есік күні аясында азаматтар тұрғын үй, еңбек, әлеуметтік және қылмыстық құқық салаларына қатысты сұрақтар қойып, білікті кеңес алды. Шараның ашық әрі тиімді форматта өтуіне жергілікті билік те атсалысты.
Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев бұл бастаманың халыққа қажетті әрі пайдалы екенін атап өтті.
«Бұл құқықтық органдардың ұйымдастыруымен жасалып жатқан шара. Оның ішінде Сарыарқа ауданы әкімдігі, ҚР Бас прокурорының бастамасымен халыққа кеңес беру, мәселелеріне қатысты сұрақтарын қою үшін Ашық есік күні ұйымдастырылып отыр», – деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында ең көп қойылған сұрақтардың бірі – жақында жарияланған рақымшылыққа қатысты болды.
Сарыарқа ауданы прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы Айдар Советов бұл жайлы нақты түсіндірме берді.
«Қазіргі таңда көбінесе келетін сұрақтардың бірі – қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша және әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға қандай шаралар қолданылып, қандай жеңілдіктер қарастырылатыны туралы. Нақты айтқанда, ҚР осы айдың 23-і күні шығарылған амнистияның қалай қолданылатыны көпшілікті қызықтырады. Бұл мәселелер бойынша арыздар қабылданып, пробациялық қызметпен бірлесіп талқылануда», – деді.
Полиция саласына қатысты да өзекті мәселелер көтерілді. Астана қаласы Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Тлеповтің айтуынша, тұрғындар негізінен тыныштықты бұзу жағдайлары туралы шағымданған.
«Халыққа қызмет көрсету орталығында жүрген азаматтар келіп сұрақтарын қойып жатыр. Полиция мәселесіне келетін болсақ, түнгі уақытта аулаларда, футбол алаңдарында тыныштықты бұзғандар жайында сұрақтар қойылды. Біз болсақ сұрақтарына жауап беріп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 437-бабын түсіндіріп айттық», – деді.
Азаматтарды қабылдау барысында құқықтық кеңес алған тұрғындар шараның маңыздылығын атап өтті.
«Бүгін өзіме қажетті нақты кеңес алдым. Қызметкерлер сыпайы, түсіндіру жұмыстары түсінікті болды. Мұндай ашық шаралар халықтың билікке деген сенімін арттырады», – деді тұрғындардың бірі.
Автор: Аяна Қабылбекова