Елорда жаңалықтары

"JolTap жобасына қатысып, графикалық дизайнды үйрендім": астаналық Гүлнәз Мырзашова

JolTap бұл аз уақыт ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы және цифрлық мамандықтарды тәжірибе арқылы меңгеруге болатын оқыту форматы. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаға биыл 2 жыл толды. Осы жоба аясында білім алған  Гүлнәз Мырзашова бірнеше заманауи мамандықты игеріп, бүгінде өзінің менеджерлік қызметінде пайдаға жаратып жүргенін айтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бұл жоба туралы елордадағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктеріне барып, мамандардан сұрап-білдім. Олар маған курстар туралы жан-жақты мағлұмат берді. Содан мен мобилография курсына жазылдым», - деді 32 жастағы тұрғын.

Оның айтуынша, курсқа жазылған соң оқу көп кешікпей басталған.

«Оқытушылар – сол салада жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар. Олар мобилография бойынша қажетті ақпараттарды айтып түсіндіріп берді. Кейін теорияны практика жүзінде көрсетті. Бастысы мұнда мамандық бойынша қажетті дағдыларды үйретті. Мәселен, видео түсіру, дизайн жасау. Жалпы сабақтар өте қызықты өтті», - деп бөлісті жобаға қатысушысы.

 32 жастағы келіншек былтыр «Мобилография», биыл «Графикалық дизайн», «Контент-крэйтор» курстарын оқыған.

«Мен жекеменшік агенттікте жұмыс істеймін. Бұрын сторисмэйкер болып қызмет еттім. Қазір директор лауазымындамын. Өздеріңіз білесіздер, қызметкерлерге тапсырма берген уақытта өзіңіз де сол саланы жақсы біліп тұруыңыз қажет. Әлеуметтік желіге Reels-тер түсіреміз. Оларға әртүрлі бағытта обложка жасауымыз қажет. Сондықтан осы курстарды оқыдым. Жұмысыма пайдасы тиіп жатыр. Осы орайда жоба ұйымдастырушыларына алғысымды білдіргім келеді», - деп сөзін түйіндеді Гүлнәз Асқарқызы.

Екі жыл ішінде қаладағы «Баршаға Мүмкіндік» модульдік пунктерінде 34 мыңнан астам адам кеңес алды. Ал 15 мыңнан астам азамат тегін оқудан өтті.