Елорда жаңалықтары

Робототехниканың балаға тигізер пайдасы қандай

Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Көпке фантастика болған роботтар мен робототехникалар бүгінде «ақылды» құрылғылар ретінде өмірімізге ене бастады. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бұл – трендтегі салалардың бірі. Мамандардың пікірінше, адам істейтін жұмыстың тең жартысын роботтар атқаратын күн де алыс емес. Сол себепті ата-аналар да балаларын ерте жастан робототехника үйірмелеріне беретін болған. Соның нәтижесінде балада креативті ойлау жүйесі, логикасы ерте жастан дамиды. Ең бастысы бұл оның болашақ мамандық түрін таңдауға да өз септігін тигізеді.

Робототехника еліміз үшін өте жас сала болып саналады. АҚШ, Германия, Жапония сияқты мемлекеттерде бұл сала ондаған жыл бойы тынымсыз еңбектің нәтижесінде жолға қойылған. Әлемде үлкен сұранысқа ие болып отырған робототехника біздің елімізде де дамып келеді. Мамандар мұнымен шұғылдану арқылы баланың ойлау қабілеті өзгеретінін айтады. Сондай-ақ түрлі роботтарды құрастырғанда олар төзімділігін және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге машықтанады.

Астаналық Күлзира Сейілова  - Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінде робототехника бойынша үйірме жетекшісі. Ол  жас жеткіншектерге робототехниканың қыр-сырын үйретеді. Жетекшінің айтуынша, аталмыш сала балаларды болашақта сұранысқа сай маман болуға дайындайды.

«Үйірмеде 18 жасқа дейінгі оқушылар роботтардың түр-түрін құрастырумен айналысады. Мұнда олар қарапайым роботтан бастап күрделі функция атқара алатын құрылғылар құрастырып үйренеді», - деді Күлзира Серікбайқызы.

Сөз арасында робототехникамен айналысудың балаға қандай пайдасы барын сұрап-білген едік.

«Робототехника оқушының бағдарламалау мен алгоритмдік ойлау қабілетін, техникалық қиялын дамытады. Бұл іспен үздіксіз шұғылданудың арқасында балада инженерлік қабілеттер де пайда бола бастайды. Үйірме баланың күнделікті бос уақытын тиімді пайдалануға, болашақ мамандық түрін таңдауға, қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға көп септігін тигізеді», - деді маман.

Робототехника роботтарды құрастырумен ғана шектелмейді. Оған қоса, қатысушылар роботтың құрылысымен, жұмысымен және қолдануымен айналысады. Бұл сала бағдарламалау, дизайнерлік білім, физика мен математиканы жетік білуді талап етеді. Пішіні әр түрлі роботтарды құрастыра отырып, олар математиканың қажет екенін түсінеді. Себебі кез келген робот қандай да бір істі өз бетімен орындау үшін оған дұрыс жазылған математикалық алгоритм, физикалық білім қажет.

«Балада конструкторларға деген қызығушылық болса, онда робототехника үйірмесіне берген жөн. Себебі үйірмеге конструкторларды құрастыруды ұнататын жеткіншектер қатысады. Олар креативті ойлау қабілетін дамытып, шығармашылықпен айналысады. Бір айта кетерлігі, бала роботтарды алғашқы сабақтарда құрастырады. Сол арқылы оның бұған қызығушылығы бар не жоқ екенін байқауға болады», - деді оқытушы.

Бір айта кетерлігі, роботты бір адам да құрастыра алады. Бірақ оған көп уақыт кетеді. Сондықтан команда болып атқарған дұрыс. Себебі шаруа да жеңілдейді және уақытта да үнемдейді. Мұнда команданың бір мүшесі роботтың дизайнын жасаса, енді біреуі компьютерлік бағдарламасымен айналысады.

«Үйірмеге осыған қызығушылығы бар кез келген оқушы қатыса алады. Бастысы жеткіншектің қызығушылығы болуы қажет. Ал әр деңгейден өткен сайын роботтарды құрастыру да қиындай береді», - деді К.Серікбайқызы.