Республика күні: Елорданың «Сарыарқа» ауданында өнерпаз зейнеткерлер мерекелік концерт өткізді
Астананың «Сарыарқа» ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Концертке AMANAT партиясы Астана қаласы Сарыарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Тілесов және Астана қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» директоры Серік Қарабатыров қатысты.
«1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Ал 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді», - деп концертті Республика күнінің маңыздылығынан бастаған кеш тізгіншісі құттықтаулар мен марапаттауларға кезек берді.
Орталық ардагерлері Зиновий Авилов 93 жасқа, Мұхтар Ахметов 90 жасқа, Оксана Герасименконың 88 жасқа толуына орай, сондай-ақ қызметкерлер Омар Жұмабек пен Нұрқан Сембаевтар адал еңбегі үшін «Сарыарқа» ауданы әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Сондай-ақ орталықта алғаш рет бильярдтан ұйымдастырылған турнирдің жеңімпаздарына алғысхаттар табысталды.
Мерекелік бағдарламада дизайнер Қайролла Әбішевтің «Көктем шуағы» сәнді киім коллекциясы көрсетілді. Орталық өнерпаздары «Көк тудың желбірегені», «Атамекен» сияқты патриоттық әндер шырқап, ретро және замануи билерді дөңгелете билеп, көрермендерге мерекелік көңілкүй сыйлады.
Республика күніне арналған концертті 70 шақты зейнеткер тамашалады.