Елорда жаңалықтары

Республика күні қарсаңында еліміздің үздік дәрігерлері марапатталды

Бүгін Астанада Республика күні қарсаңында адамдардың өмірін сақтап қалуға және отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқан дәрігерлерді, қоғамдық денсаулық сақтау  саласының қайраткерлерін, сала менеджерлерін құрметтеуге арналған «Мәңгі жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Өз мамандығы бойынша үздік дәрігерлер құрметті мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Мемлекет басшысының бастамасымен ҚР денсаулық сақтау саласындағы ерекше жетістіктері мен айрықша  еңбегі үшін еліміздің үш дәрігеріне биылғы жылы белгіленген «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» («Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері») атағы берілді.

Биылғы жылы белгіленген «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті  атағы  «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Бас директоры Абай Қабатайұлы Байгенжинге, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС гематология орталығының басшысы Вадим Матвеевич Кемайкинге, Қарағанды облысының «Облыстық клиникалық аурухана» КМК дәрігері Борис Валентинович Цхайға берілді.

Іс-шараның ашылуында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін Республика күнімен құттықтап, соңғы жылдардағы денсаулық сақтау саласындағы елеулі жетістіктерін атап өтті.

Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының атынан денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттарды табыс етті.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сондай-ақ құтқарылған өмірлері, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен қазақстандық отбасылардың әл-ауқатындағы медицина қызметкерлерінің орасан зор рөлі мен жауапкершілігін атап өтті.

«Сіздер әрқашан алдыңғы қатардасыздар, сіздердің  қажырлы еңбектеріңіз бұл біздің қоғамның тұрақтылығының негізі және ол әрқашан жоғары бағаланады.  Мемлекет басшысы заңнамалық деңгейде медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға және олардың құқықтарын кешенді қорғауға ерекше көңіл бөледі», - деп атап өтті министр.

Марапатталғандардың қатарында әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер, акушер-гинекологтар, хирургтар, репродуктологтар, фармацевтер, эпидемиологтар және тағы басқалар бар.

Биыл Мемлекет басшысы ауылдық жерлерге келетін мамандарға тұрғын үй беру, көтерме жәрдемақылар төлеу және басқа да жеңілдіктер сияқты әлеуметтік қолдаудың жан-жақты шараларын қоса алғанда, медицина қызметкерлерін кешенді қорғауға бағытталған заң қабылдады.