Ресейлік кино актері астаналық студенттерге шеберлік сағатын өткізді
Мәскеудің Астанадағы күндері аясында елорданың Музыкалық жас көрермен театрында ресейлік театр және кино актері, режиссер, Ресей Федерациясының халық әртісі Александр Галибинмен кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесуге қаладағы театрлардың өкілдері мен болашақ актерлар қатысты.
Танымал режиссер астаналық студенттерге шеберлік сағатын ұйымдастырды.
«Театр – өмірдің алуан түрлілігі. Ол өмірдің көріністерін зерттеуді талап етеді. Себебі бұл – үлкен ғылым. Егер сіз өз салаңызды жан-жақты зерттемесеңіз, онда сіз кәсіби актер не режиссер бола алмайсыз. Бүгінгі кездесу барысында аудиторияға осыны жеткізгім келді. Маған бұрын да, қазіргі кезде де театрда болсын, кинода болсын, ең бастысы, адам қызық. Әсіресе оның ішкі жан дүниесін, қорқынышын, тағдырын, уайымын зерттеу. Ал зерттеу тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін», - деді Александр Галибин.
Әңгіме арасында спикерге «Студенттерге қандай пайдалы кеңес бересіз?» деп сауал қойған едік.
«Олар студенттік өмірдің әр минутын мектепте меңгермеген дүниелеріне арнау қажет. Бұл – оқу, көру, үйрену, тыңдау, есту. Бұл – кеңестер емес, бұл – өмірде белгілі бір жетістікке жеткісі келетін адамның орындауы қажет дүниелер», - деді спикер.
Сондай-ақ Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров қонаққа театр ішіне шағын экскурсия ұйымдастырып, таныстырып шықты.
«Бұл театрда жұмыс дұрыс ұйымдастырылған. Мұнда қызмет ететін адамдарға шығармашылық жағдай жасалған. Менің ойымша, бұл – ең басты дүние. Залға кірген бойда әдемі атмосфера сезіледі», - деді ресейлік режиссер.
Аталмыш кездесу Мәскеудің Астанадағы күндері аясында мәдениет саласында тәжірибе алмасуға бағытталған іс-шаралардың бірі болды.
Сөз соңында Ресей Федерациясының халық әртісі Астана туралы өз ойымен бөлісті.
«Астанаға бірінші рет келуім емес. Мен бұл қалаға ғашықпын. Елорда маған ұнайды. Ол – талантты жастарға толы жас қала. Менің ойымша, болашақ – соларда», - деп сөзін түйіндеді Александр Галибин.