Елорда жаңалықтары

«Әр мектептің ашылуы үлкен қуаныш болды»: Астананың білім басқармасын тізгіндеген елордалық ұстазбен сұхбат

Астана күні қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі елордалық білім басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі, Астана қаласы балалар құқықтары жөніндегі уәкілі, белгілі ұстаз Әсима Бимендинамен әңгімелесті. Астанаға 1998 жылы көшіп келген ол күллі әлем тамсанған Астанамыздың өсу кезеңі көз алдында болғанын айтады. Ол - 2006 жылдан 2013 жылға дейін елорданың білім басқармасының тізгінін ұстаған, кейін Парламент мінберінде білім беру саласының, Астананың мәселелерін көтерген қоғам белсендісі. Әсима Темкеқызы бізге Астананың қалыптасу кезеңіндегі қуанышты сәттері мен қиындықтары туралы айтып берді.

«Біз 1998 жылы мамыр айында Қазақстанның жаңа елордасы болған  Астанаға көшіп келдік. Бас шаһардың  Астана атауымен жаңа тарихы, жаңа өмірі басталды. Бұл қала менің жүрегімде ерекше орын алады. Себебі мен қаланың дамуының куәгері болдым. Еңбек жолымды Алматы ауданы әкімдігінде бас маман болып бастадым. Шаһар көз алдымызда өсті: жаңа ғимараттар салынды. Біз ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі, кәсіпкерлер клубы секілді қоғамдық ұйымдар құрдық. Сол кез тұрғындардың Астананы әлемдегі ең әдемі қалаға айналдыруға деген үлкен қалауы болғанымен есте қалды», - деді спикер.  

Кейін Әсима Бимендина Алматы ауданы әкімнің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2006 жылдан бастап Астана қаласы білім басқармасын басқарды.

«Ол уақытта қалада халықтың саны артқандықтан, балабақша мен мектептер қажет болды. Осылайша көп уақыт өтпей, олардың құрылыс жұмыстары басталды. Біз 2006 жылы бес жаңа мектеп аштық. Олар – №№52, 53, 54, 55, 56 мектептер. Бұл біз үшін үлкен қуаныш еді. Әр мектеп 1200 балаға шақталған. Ал 2010 жылы 10 балабақшаның ашылу рәсімін өткіздік. Ашылу күні Мәскеуден бізге әріптестер келіп, осындай жас әрі шағын қаланың сонша балабақша ашқанына таңғалғаны әлі есімде. Жыл сайын астаналық оқушылар «Алтын белгіге», үздік аттестатқа оқу аяқтап жүр. Ал пәндік олимпиадалар бойынша Астана командасы әлі де бірінші орынды иеленіп келеді. Әр жеңісіміз бізді одан сайын шабыттандырды әрі жақсы әсер сыйлады. Кейін Президент балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша «Балапан» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруға кірісуге тапсырма берді. Соның аясында көптеген жекеменшік балабақшалар ашылды», - деді ол.

Әсима Бимендина Астананың білім басқармасын тізгіндеген кезеңін еске алды.

«Бұл қызметте мен 7 жыл 7 ай 7 күн жұмыс істеген екенмін. Осы уақытта елордада 100-ге жуық білім беру нысаны ашылды: бұл мемлекеттік, жеке мектептер, балабақшалар мен колледждер.  Әлі есімде, біз мектеп түлектеріне «Алтын белгіні»  алғашында «Бәйтерек» монументінің ішінде, кейін «Қазақ елі» монументінің алдында тапсырдық. Мұндағы мақсат – жастарға Астананың өсіп-өркендеп жатқанын көрсету. Ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалар жеңімпазы үшін триумф бал өткіздік. Ал педагогтер қауымы жыл сайын тамыз кеңесін асыға күтетін. Әсіресе, бұл іс-шараға сол кездегі қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы ерекше дайындық жүргізетін. Себебі ол кісінің негізгі мамандығы ұстаз ғой.  Кеңесте алдағы оқу жылында атқарылатын жұмыстар, мақсаттар, міндеттер сөз етіледі. Бір сөзбен айтқанда, сондай жылы атмосферада өтетін. Сол уақытта көптеген ұстазға пәтер кілттері тапсырылды. Сондай-ақ шаһарда «Жыл ұстазы» конкурсын ұйымдастырдық. Байқаудың нәтижесін ұстаздар күні қарсаңында жариялайтынбыз», - деді экс-басшы.

Әсима Темкеқызы осындай жұмыстармен қатар, директорларды даярлайтын мектеп те ашқанын айтты.

«Балабақшаларда «Жұлдызды шашу» іс-шарасын өткіздік. Елордада мектептер ашыла бастаған соң, кадрлар даярлау керек емес пе? Содан «жас директорлар мектебін» аштық. Оған пәнін жақсы өткізетін әрі белсенді ұстаздарды іріктеп, 70 педагогті оқыттық. Нәтижесінде 39 кадрдың біреуі директордың орынбасары, енді біреуі директор болып қызметке тұрды. Ұстаздар қауымына өте ризамын. Себебі олар әр жобаға қолдау білдірді», - деді Астана қаласы білім басқармасының бұрынғы басшысы.

Әсима Темкеқызынан білім саласындағы өзгерістерді бақылап отыратынын айтты.

«Мен бұл саладан алыс кеткен жоқпын. Себебі мен үшін білім беру саласы – менің өмірім. Басқармадан кеткеннен кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің V  шақырылымының депутаты болып, білім беру саласындағы маңызды заңдардың қабылдануын үнемі қадағалап әрі қатысып жүрдім. Мен Астана қаласының білім басқармасымен үнемі тығыз байланыстамын. Елордалық ұстаздардың «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылауға белсенді қатысқанын көрдім. Ол дер уақытында қабылданған шешім дер едім. Заңның арқасында оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі», - деді Әсима Темкеқызы.

Қазіргі кезде Әсима Бимендина «Talap» КЕАҚ президентінің кеңесшісі қызметін атқарады.

«Мен білім беру саласында жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бүгінде кәсіптік білім беруді дамытумен айналысатын «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісімін. Біз білім беру бағдарламаларын дайындадық. Оқуды бітіргеннен кейін еңбек нарығында сұранысқа ие болатын бағдарламалар бойынша студенттер білім алады. Біздің орталық педагог заман талабынан қалмай, өзін жетілдіріп отыруы үшін оқу-әдістемелік құралдарын дайындайды. Біз Worldskills халықаралық қозғалысы бойынша жұмыс жүргіземіз. Балалардың әртүрлі мамандықтар бойынша кәсіби құзыреттілігін дамытамыз. Өздеріңізге мәлім, Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осы бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде елорда әкімдігімен бірлесіп, бала қауіпсіздігі бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Әсима Темкеқызы.

Сөз соңында белгілі ұстаз астаналықтар мен қала қонақтарына жылы лебізін білдірді.

«Елордамыз өсіп-өркендеуі үшін әр адам өз үлесін қосуы керек. Олардың жүрегінде астанамыз ерекше орында болғаны жөн. Нәтижесінде бас қаламыз дамиды әрі көркейеді», - деп сөзін түйіндеді Әсима Темкеқызы.