Qazaq Arlany: бокстан Астана күніне орай жасөспірімдер арасында турнир басталды
Бүгін елорда төріндегі Beeline Arena спорт кешенінде 2011-2012 жылдары дүниеге келген жасөспірімдердің ашық республикалық бәсекесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кезекті мәрте ұйымдастырылып жатқан додада Қазақстанның барлық өңірінен 300-ден астам жас боксшы бас қосты. Салтанатты ашылуға белгілі ринг анонсер Ержан Мұқаш, Қажымұқанның ізін жалғаушы Сергей Цирульников, «Дала қырандары» ЖҚБ директоры Мәди Рымжанов, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов сынды тұлғалар қатысып, спортшыларды құттықтады.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігі мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтіп отыр. Турнирді ұйымдастырушы - Qazaq Arlany by M.Toitov бокс клубы. Оның негізін қалаушы Astana Arlans құрамында WSB нұсқасы бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанған Мейірболат Тоитов екенін айта кеткен жөн.
«Алғашқы жарысымызды кішкентай ғана залдан бастап едік. Міне, енді үшінші мәрте ұйымдастырылып жатқан турниріміздің ауқымы ұлғайып, барлық өңірдің спортшыларын жинадық», - деді Мейірболат Тоитов.
Дәл осы Beeline Arena спорт кешені бұған дейін 22 жасқа дейінгі Азия чемпионаты, IBA ұйымының «Чемпиондар түні» сынды ірі додаларды қабылдаған. Былтырғы Qazaq Arlany бәсекесінде 200 қатысушы жиналса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай көбейген. Қысқа ғана уақытта турнирдің танымалдығы қалай артып кетті деген сұраққа:
«Біріншіден, жасөспірімдер арасында әлеуметтік желі трендте. Біз жарыс бойы заманауи трендтерді қолданамыз. Екіншіден, бәсекені бастан-аяқ YouTube арқылы тікелей эфирде көрсетеміз. Турнир біткеннің өзінде мұрағат сақталады. Бұл бапкерлерге әр жекпе-жекті талдап, қателікпен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Үшіншіден, осы жас санатындағы боксшылар әлемдік гимназиадада жүлделі орындарға ие болды. Бұл турнир тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік», - деп жауап берді Мейірболат Тоитов.
Жарыс 22 маусымға дейін жалғасып, жүлдегерлер медаль және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.
Көрермендер күндізгі бокс кестесінен бөлек, 18:00-де «Дала қырандары» ЖҚБ ұйымдастыруымен арнайы жекпе-жектерді тамашалай алады.