Президент Әлихан Смайыловқа бюджет қаражатын мүлтіксіз бақылауды тапсырды
Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Әлихан Смайылов жоғары аудиторлық палатаның биыл II тоқсандағы жұмысының қорытындыларын таныстырды:
– теміржолға баса назар аудара отырып, көлік саласына, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттеріне және қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне аудит жүргізілген;
– жалпы сомасы 2,9 триллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 73 нысан тексерілген. Нәтижесінде 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғаны анықталған;
Сондай-ақ төраға аталған кемшіліктерді жою үшін көлік саласын дамыту, бюджеттік-инвестициялық жобаларды іске асыру, отандық фармацевтика өнімдерін өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау тетігін қайта қарау жөнінде ұсыныстар әзірленгенін айтты және мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстар топтамасын таныстырды;
Әлихан Смайылов биыл екінші жартыжылдықта жүргізілетін аудиторлық іс-шаралар туралы баяндады. Тексеру жұмыстары Назарбаев Университеті және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметін, сот жүйесін, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы жекелеген бағыттарды қамтиды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жалпы мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға ерекше мән беру керек екенін айтты.