Елорда жаңалықтары

Полиция қызметкерлерінің жұмысы фотокөрме арқылы көрсетілді

Астанада «Заң мен тәртіп» атты фотокөрме өтіп, жұртшылық назарына полиция қызметінің маңызды сәттері ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Көрмеде полиция қызметінің тек қылмыскерлерді ұстау немесе қылмысты ашумен шектелмейтіні анық көрсетілді. Келушілер төтенше жағдайлар кезінде – су тасқыны мен орман өрттері сияқты табиғи апаттарда – тәртіп сақшыларының алдыңғы шепте жүргенін бейнелейтін әсерлі фотосуреттерді тамашалады.

Сондай-ақ көрмеде Қазақстан полициясының күнделікті алдын алу шараларына, балаларды қорғау, аулалардағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысына да ерекше көңіл бөлінді.

Іс-шараны ІІМ Ұлттық ұланының үрмелі оркестрінің орындауындағы музыкалық шығармалар толықтырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.