Pink Run: Ботаникалық саябақта қатерлі ісікке қарсы жарыс өтті
Әлемде «Қызғылт қазан» деген атпен белгілі сүт безі обырына қарсы күрес айы аясында Астанада алғаш рет Pink Run жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 1993 жылдан бастап, қазан айын сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күрес айы деп жариялаған. Себебі, сүт безі қатерлі ісігі әйелдер арасында ең көп жиі кездесетін дерт.
Астана қаласында бірінші ұйымдастырылып жатқан жүгірісте 120 қатысушы қатысады деп күтілгенімен, шын мәнінде олардың саны 300-ден асты. Шараға ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, Гинесс рекордтар кітабына енген, атақты Қажымұқанның жолын жалғаушы Сергей Цирульников қатысып, қолдау танытты.
Әуесқой спортшылар жүгіріс барысында 1,3 және 3,9 шақырым қашықтықты бағындырып, қос сайыста чемпион атанған жандарға 20 000 теңгелік ақшалай сертификат табысталды.
«Бүгінгі жүгірісті ұйымдастырушылардың барлығы дерлік, онколог, маммолог мамандар. Біздің мақсатымыз - барынша сүт безі қатерлі ісігі бойынша ақпаратты қоғамға жеткізу және барлық әйелдерді уақытылы түрде тексерістен өтуге шақыру. Себебі, сүт безі қатерлі ісігінің ерте сатысында уақытылы диагноз қойылған кезде, пациенттердің толық емделуі 95 пайызға дейін жетеді. Денсаулықтарыңызға бей-жай қарамауларыңызды сұраймын. Өкінішке қарай, Қазақстанда да статистика жақсы деп айта алмаймыз. 2023 жылдың көрсеткіші бойынша, 5 500-дей жаңа науқас тіркелді. Сүт безі қатерлі ісігіне көп жағдайда 40-тан асқан әйелдер душар болғанымен, жыл сайын жасарып келеді. Мысалы, Қазақстанда 2023 жылы ғана осы дертке ұшыраған 1000-нан астам адамның жасы 40-қа жетпеген. Бүгінгі спорттық шараға қатысқан жандарға мықты денсаулық тілеп, жетістіктерге жете беріңіздер дегім келеді», - деді жарыс ұйымдастырушысы Диляра Кайдарова.
Айта кетейік, 40-тан асқан әйелдерге гинеколог пен маммолог мамандарына тексерілу тегін.
Сондай-ақ шара барысында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан Гүлім Абушкеноваға 500 000 теңгелік сертификат салтанатты түрде берілді.
«Осы дертке 2 жыл бұрын тап болдым. Балаларымды өзім ғана асырап отырғандықтан, соңына дейін күресуді жөн көрдім. Міне, түрлі тексерістердің арқасында 2 жылдай аман келе жатырмын. Бүгінгі шарада теледидардан ерекше шаттық сыйлаған Илья Ильинді көргеніме өте қуаныштымын. Бұлай болады деп ойламаппын. Таңмен таласып келген барша азаматтарға да алғысым шексіз», - деді Гүлім Абушкенова.
Жарыс аяқталғаннан кейін, қатысушыларға ыстық шай ұсынылып, демеушілер тарапынан берілген сыйлықтар лотерея арқылы ойнатылды.
Алдағы уақытта бұл жүгіріс дәстүрлі түрде өтеді деп сенеміз.