Елорда жаңалықтары

Отбасында жанжал шығарған 9 мыңға жуық елордалық есепке алынды

Бүгін Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні. Атаулы күнге орай Астана қаласы полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова атқарылып жатқан шаралар мен оның нәтижесі туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – өзекті және қоғам үшін маңызды тақырыптардың бірі. Астана қаласының Полиция департаменті мұндай қылмыстардың алдын алу және оған қарсы күрес бойынша кешенді шараларды жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, зардап шеккендердің құқықтарын қорғау мақсатында белсенді жұмыстар іске асуда.

Тұрмыстық жанжалдың негізгі себептерінің бірі – алкогольді ішімдік ішу. Осыған орай Астана қаласының Полиция департаменті түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сатуды тоқтату және қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген азаматтарды анықтау шараларын күшейтті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық негізіндегі агрессивті мінез-құлықты бақылауды күшейту үшін полиция заманауи технологияларды қолданады. Солардың бірі – есепке алынған тұлғаларды мессенджерлердегі бейнеқоңыраулар арқылы қашықтықтан тексеру.

«Бүгінгі таңда Астанада есепте тұратын контингентпен жұмыс жанданды. Осы жылдың 10 айында 8 813 тұрмыстық құқықбұзушы, 2 253 алкогольге тәуелді және 608 есірткіге тәуелді азамат есепке қойылды. Сонымен қатар, мұндай тұлғаларды мәжбүрлеп емдеуге жіберу жұмыстары жалғасып жатыр» - деді Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Гүлмира Шрахметова.

Оның айтуынша, отбасылық жанжалдар бойынша қайталанған шақыруларға ерекше назар аударылады.  Биыл 7 625 қорғану ұйғарымы шығарылып, құқық бұзушының мінез-құлқына 647 ерекше талап белгіленді.

Жәбірленушілерге көмек көрсету үшін «Үміт» дағдарыс орталығы белсенді жұмыс жасап жатыр. Тек осы жылы мұнда 50-ден астам әйел мен қиын жағдайға тап болған 100 бала көмек алды. Орталық психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсетіп, жәбірленушілерге жаңа өмір бастауға көмектеседі.