Елорда жаңалықтары

«Қонақүй брондауды растамаған»: Елордалық полицейлер Швейцариядан келген туриске көмек көрсетті

Швейцариядан елордаға IFLA Дүниежүзілік кітапханалар конгресіне қатысу үшін келген турист күтпеген жағдайға тап болды. Ол бронь жасаған қонақүйде орын болмай шыққан, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, оның жұбайы интернет арқылы елордадағы қонақүйлердің біріне  бронь жасаған. Алайда брондау Қазақстанда бұғатталған платформа арқылы жүргізілгендіктен қонақүй брондауды растамаған.

Бөгде елде келеңсіз жағдайға тап болған әйел полициядан көмек сұраған.

«Есіл» ауданының учаскелік полиция инспекторы Диас Құрбанәлиев әріптестерімен бірге қонақүй басшылығын шақырған. Олар оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, Қазақстанда бұғатталған платформаларды пайдалану түсініспеушілікке әкеп соққанын айтқан»,- делінген хабарламада.

Кейін полицейлердің көмегімен қонақүйге жаңа бронь жасалып, турист қонақүйге орналастырылған. Сонымен қатар бұрынғы бронь үшін қаражатты қайтару туралы ақпарат берілген.

Швейцариядан келген турист елордалық полицейлерге алғыс білдірді.

«Баршаңызға алғыс айтқым келеді! Көмектеріңіз үшін үлкен рахмет! Бұл Қазақстан тарапынан маған жасалған үлкен көмек болды»,- деді ол.