Елорда жаңалықтары

«Объективте – Астана айшықтары»: Бейбітшілік және келісім сарайында фотокөрме өтті

«Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына орай елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Объективте – Астана айшықтары» фотокөрмесі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Фото көрменің ашылу салтанатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Астана ақшамы» газетінің (2006-2008 жж) бас редакторы болған Нұртөре Жүсіп пен Астана қаласы Мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден басылымдардың ұжымы мен оқырман қауымды үнжарияның мерейтойымен құттықтады. 

Фотокөрмеде келушілер назарына «Elorda aqparat» медиахолдингіне қарасты «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің және Elordainfo.kz порталының фото тілшілері Сұлтан Сейіт пен Василий Крась және Оңалхан Өнерханның әр жылдардағы Астананы айшықтайтын фото суреттері ұсынылды.

Василий Крась «Вечерняя Астана» газетінде 2004 жылдан бері, Сұлтан Сейіт «Астана ақшамы» басылымында 2007 жылдан бері, ал Оңалхан Өнерхан Elordainfo.kz желілік басылымында 2020 жылдан бері еңбек етіп келеді.

«Газетте фото тілші ретінде қызмет ете бастаған алғашқы жылдарымнан бері Астананың өсу-өркендеу жолында талай тарихи оқиғаның куәгері болып келемін. 2007 жылдары сол жағалауда «Бәйтерек» монументі мен тағы бірер ғимараттан басқа фотоға түсіретін жер де жоқ еді. 2010 жылдан кейін қала жылдам қарқынмен салынып, шаһар көз алдымызда өсіп-өркендеді. Бірінші қабаты ғана салынып тұрған Тәуелсіздік сарайының сыртқы жұмыстары Астананың 10 жылдығына қарсы екі айдан аса уақыт ішінде аяқталғанын көргенде таңғалған едім. Сол кезден бері объективімізге іліккен көптеген фото қазіргі таңда тарихи суретке айналды», - деді Сұлтан Сейіт Elordainfo.kz тілшісіне.

20 жыл Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласындағы қазақ телевизиясында тілші, оператор болып еңбек еткен Оңалхан Өнерхан да 5 жылдан бері Астана айшықтарын үзбей түсіріп, елордадағы тарихи сәттерге куә болып жүргенін айтады.

«2019 жылдың соңында Атажұртқа оралған соң 2020 жылдың ақпан айынан бері Elordainfo.kz желілік басылымында жұмыс істеп, Астанада өтіп жатқан маңызды іс-шаралар мен шаһардың көрікті жерлерін түсіріп жүрмін. Пандемия кезінде алғашқы вакцинация жүргізіле бастағандағы суреттерім әлеуметтік желіде кеңінен тарады. 5 жыл ішінде қала көз алдымда өсіп келеді», - деді Оңалхан Өнерхан.