Елорда жаңалықтары

Қоғамдық кеңес назарында – су нысандары

Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері елорданың «Астана су арнасы» кәсіпорнына қарасты №1 және №2 насос-сүзгі станциясы мен Кәріздік тазарту құрылыстары нысанын аралады. Мұндағы мақсат – Қоғамдық кеңес отырысында талқыланатын «Астананың жылу-энергетикалық кешендерінің алдағы жылыту маусымына дайындығы» мәселесіне байланысты кезекті мониторинг жүргізу, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Алдымен кеңес төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов бастаған мүшелер шаһардағы №1 және №2 насос-сүзгі станцияларының жұмыс барысын көзбен көрді.

«Қазіргі уақытта елордадағы үш насос-сүзгі станциясы арқылы бір күнде орташа есеппен 360 мың куб таза су жіберіледі. Ал олардың жалпы сумен қамту қуаттылығы – 410 мың кубты құрайды. Бір белгілісі, қаладағы тұрғындар таңғы, түскі және кешкі мезгілде суды көп пайдаланады. Әсіресе, кешкі уақытта суды тұтыну көбейеді. Ал апталық жүктемемен айтсақ, жексенбі күні суды тұтыну жай күндерден артық болатыны белгілі. Сондай-ақ бізде 120 мың куб су артық қор ретінде үнемі айналымда тұрады» - дейді «Астана су арнасы» кәсіпорнының бөлім басшысы Талғат Бекмағанбетов. 


Ал қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжабек Бейісовтің сөзінше, құрылысы жақында басталған №4 насос-сүзгі станцияның тәуліктік су айдау қуаттылығы – 210 мың куб. Нысан 2029 жылы пайдалануға берілмек. Ал қазіргі үш станция Астана халқын сумен қамти алады. Дегенмен жыл өткен сайын қала халқы жылдам өсуде. Жаңа су станциясының салынуы да елордадағы көші-қон мен демографиялық өсімге байланысты десек болады.

Қоғамдық кеңес мүшелері аталған нысандарды аралай жүріп, су айдау насосының бір бөлігін, қала ішіне су жіберуді бақылайтын цифрлы басқару пульті бөлмесін және суды тазарту блогының жұмысымен жақын танысты.

Мұнан соң аталған топ Кәріздік тазарту құрылыстары орналасқан аумаққа барды. Мұнда 300-ге жуық қызметкер бар. Негізгі міндеті –тұрмыстық қалдық суды қайта тазарту.

«Бұл нысанның 1962 жылы құрылысы басталып, 1964 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жұмыс істеп тұр. Мұнда Астана қаласы бойынша күнделікті тұрмыстан босаған қалдық суды қайта өңдеу, әбден тазарту жұмыстары жүреді. Шамамен бір тәулікте 300 мың кубтай қалдық су түрлі тазартудан өтеді. Ал тазартылған су Есіл өзеніне құйылады. Бұл жерде тазартудан кейінгі қатты қалдықтар арнайы полигонға кетсе, кейбіреуі арнайы орында көміледі», - дейді бас инженер-технолог Перуза Алдоңғарова. 


Бұл мониторинг кезінде Қоғамдық кеңес мүшелері кездесуде айтылған кейбір ұсыныс-пікірлерді назарға алып, аталған нысандарға қатысты өзекті мәселелерге де ден қойды.

«Бүгін қалалық кеңес мүшелері бірлесіп,«Астана су арнасы» мекемесіне қарасты бірнеше нысанды аралады. Қаланы толықтай сумен қамтып отырған станциялар мен кәріз суларын тазалайтын мекеме жұмысын өз көзімізбен көріп, жалпы жұмыс үдерісін бақыладық. Қызметкерлермен сөйлесіп, кейбір мәселелер сол жерде талқыланды. Айталық, мұндағы қызметкерлер «Отбасы банк» арқылы баспаналы болу жеңілдігін ала алмай жүргенін айтты. Сондай-ақ кәріз суын тазартумен айналысатын жұмысшылардың денсаулыққа зиянды ортада жұмыс істейтіні белгілі ғой. Соған байланысты берілетін үстемақының аздығы сөз болды. Бұл айтылғандардың барлығы алдағы кеңес отырысында әкімдік тарапына міндетті түрде жеткізілетін болады», - дейді Қоғамдық кеңес мүшесі Серікзат Дүйсенғазы.

Ержан ҚОЖАС

Фото: Сұлтан СЕЙІТ