Елорда жаңалықтары

Нашақорлықтың алдын алуға бағытталған форумда елордалық волонтерлер марапатталды

Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылында ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп, жастарға арналған нашақорлықтың алдын алу жөніндегі форум ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Үш күнге созылған іс-шарада 100-ге жуық волонтер бас қосты. Онда қатысушылар үшін танымдық бағдарлама әзірленді. Атап айтқанда, нашақорлықтың алдын алу, денсаулық мәдениетін қалыптастыру және жастар бастамаларын дамыту мәселелері талқыланған төрт диалог алаңы ұйымдастырылды. Сонымен қатар шеберлік сабақтары, спорттық және шығармашылық іс-шаралар өтті.

Форумның жабылу салтанатына «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин қатысып, мұндай форумдар нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға оң әсер ететінін айтты.

«Бұл жиынға қатысқан волонтерлер елорда аумағында есірткі жарнамаларын жоюмен айналысып, халыққа ақпараттық парақшалар таратып, салауатты өмір салтын насихаттайтын шығармашылық және спорттық іс-шараларға белсенді қатысып жүр. Үш күнде олар үшін командалық ойындар мен қабілеттерін арттыруға бағытталған шеберлік сабақтары өткізілді. Тренинг барысында сала мамандары өздерінің тәжірибелерін бөлісті. Жалпы мұндай форматтағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп, оған волонтерлерді тарту аса маңызды деп ойлаймын. Бұл олардың тәжірибесін шыңдап, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстың тиімділігін де күшейтеді», - деді Шыңғыс Тлеулин.

Салтанатты жиында үш күн бойы белсенділік танытқан волонтерлер, оның ішінде спорттық сайыстарда жеңіске жеткен командалар марапатталды.

Жалпы форум психоактивті заттарды қолданудың зияны туралы жастардың хабардар болу деңгейін арттырып, салауатты өмір салты құндылықтарын қалыптастыруға, сондай-ақ оқушылар, студенттер және жұмысшы жастар арасында профилактикалық шараларды күшейту мақсатында ұйымдастырылды.