Елорда жаңалықтары

«Нұрлы жүрек» орталығында АЭС жайлы жиын өтті

Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстанда АЭС салу мәселесіне орай кездесу өтті. Іс-шараға «Астана -РЭК» АҚ күрделі құрылыс қызметі бастығының орынбасары Ғабиден Қанатов қатысып, аталған орталық қызметкерлерінің АЭС туралы сұрақтарына жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Референдум алдында халыққа АЭС салудың тиімділігі мен қажеттілігін түсіндіру барысында көптеген сұрақтар туындайды. Осы сала маманы, инженер-электрик ретінде айтарым, Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы 10 пайызды құрайды. Ал бұл жетіспеушілік 2034 жылға қарай 20 пайыз болады деген болжам бар. Қазірдің өзінде жетпейтін бөлігін көрші мемлекеттерден алып отырмыз. Нағыз тапшылық болатын сәттерде оңтүстікте Қырғызстанның, басқа өңірлер үшін Ресейден аламыз. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында да 2027-2028 жылдары еліміздегі электр энергиясы тапшылығы 15-20 пайызға жетеді деп айтты. Осы тапшылықты жоюға бізге АЭС салу керек», - деді спикер кездесу барысында.

Сондай-ақ ол АЭС салудың экологиялық тұрғыдағы артықшылықтарына тоқталды.

«Халықпен кездесулер кезінде азаматтар неге жел,күн, су, көмір, газ арқылы электр өндірісін дамытуды қарқынды дамыта бермейміз деп сұрайды. Жел мен күн ауа-райының өзгеруіне қарай тұрақсыз, ал көмір мен газдан ауаға тасталатын зиянды қалдықтар көп. Ал АЭС арқылы ауаға ешқандай зиянды заттар бөлінбейді. Сондықтан ең дұрыс шешім ретінде баршаңызды алдағы референдумда АЭС салу мәселесі бойынша дұрыс таңдау жасауға шақырамын», - делі ол.

 

Райхан Рахметова