«Нұра» ауданында жыл басынан бері рұқсат етілмеген 70 қоқыс үйіндісі анықталды
Елорданың «Нұра» ауданында Астана қаласы Экология департаментінің ұйымдастыруымен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері жөнінде баспасөз-туры өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Шара барысында «Нұра» ауданы аумағын тазарту жұмыстарының барысы көрсетілді.
«Нұра» ауданы әкімдігінің Инфрақұрылым бөлімінің бас маманы Бақдәулет Орынбасардың айтуынша, жыл басынан бері аудан аумағынан 70 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, 100 мың тонна құрылыс қалдықтары шығарылды.
«Нұра» ауданы бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізіледі. Тексеру жұмыстары ай сайын жүзеге асырылады. Көбінесе қоқыс үйінділері Хусейн бен Талал, Әйтеке би көшелері мен Қорғалжын шоссесі бойында анықталады. Олардың пайда болуының негізгі себептері – тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығару фактілері»,- дейді ол.
Сонымен қатар жыл басынан бері аудан аумағынан «Ғарыш сапары» деректері бойынша 102 нүкте анықталып, оның 32-сі мердігер ұйымдардың аумағында орналасқаны белгілі болды.
«Қоқыс жиі жиналатын аумақтарға 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ «ҚазТелеком» тарапынан дрондар пайдаланылуда. Бұған қоса тұрғындардың өтініштері мен «iKomek 109» орталығының хабарламалары да назарға алынады. Анықталған аумақтарда тазалау жұмыстары жүргізілгеннен кейін олардың қайта қоқыс алаңына айналмауы үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ бейнебақылау орнату және учаскелердің мақсатты пайдалануын бақылау мәселелері қарастырылады»,- дейді бас маман.
«Нұра» ауданында қоқыс үйінділерін тазалау жұмыстары мердігер ұйымдар мен құрылыс компанияларының күшімен жүргізіледі. Сонымен қатар аудан әкімдігі тарапынан жер иелеріне тиісті шаралар қабылдау туралы ескертулер жолданады.
Бақдәулет Орынбасардың сөзінше, аудан әкімдігі тарапынан рұқсат етілмеген қоқыстарды жою сапасына бақылау жасауға ерекше назар аударылады.
«Жыл басынан бері экологиялық полиция тарапынан 32 ұйымға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Егер белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл түріндегі әкімшілік шаралар қолданылады. Бұл мәселе тұрақты түрде әкімдіктің бақылауында»,- дейді Бақдәулет Орынбасар.
Бүгінгі іс-шара елордадағы ластану мәселесіне қарсы қабылданған шаралардың нәтижелілігін саралап, қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Алдағы уақытта мұндай баспасөз турлары қаланың басқа да аудандарында өткізу жоспарланған.