Елорда жаңалықтары

Нұра ауданында жаңа аула ашылды

Елордада Республика күніне және Астана қалалық мәслихатының 30 жылдығына орай қаладағы «Сенім» тұрғын үй кешенінде күрделі жөңдеу жүргізілген жаңа аула пайдалануға берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ашылу салтанатына қалалық мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары қатысты.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов тұрғындарға қолайлы жағдай жасау маңызды екенін айтып, жиналған қауымды келе жатқан Республика күнімен құттықтады.

«Бүгінгі «Сенім» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен бірге жаңа ауланың ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау –  біздің басты мақсаттарымыздың бірі.Нұра ауданы –  жалпы қаламыздығы бесінші аудан. Өздеріңіз білетіндей, Есіл ауданы екіге бөлінді. Бұл халыққа ыңғайлы болу үшін және мемлекеттік қызметтерді уақытында сапалы алу үшін жасалды. Бұл аудан қаламызда жаңадан дамып келе жатқан жаңа аудандардың бірі деп айтуға болады. Осы орайда барша тұрғындарды Республика күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деді Ерлан Каналимов.

Аулада спортпен айналысуға арналған тренажерлер және балалар ойын алаңы жаңартылған. Асфальт жабыны ауыстырылып, қоршаулар қойылған. Сонымен қатар орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған.

74 жастағы елорда тұрғыны Сейсенғазы Байжомартов тұрғындар атынан басшыларға алғысын жеткізді.

«Бүгін Республика күні қарсаңында біздің тұрғын үй кешенінде қуанышты күн. Ауламыз жаңартылып, балалар мен ересектердің демалуына жағдай жасалды. Ауданымыз жақсы дамып жатыр. Тұрғындар атынан барлық басшыға алғысымызды айтамыз»,- деді қала тұрғыны.

Мерекелік жиында балалар арасында көңілді старт ойындары ұйымдастырылды. Ал ата-аналар мен ата-әжелер ләңгі тебу және арқан тарту жарыстарына қатысты. Жеңімпаздарға тәттілер мен ойыншықтар табыс етілді.