Елорда жаңалықтары

Қуат Хамитов інісін әскерге жіберді

Қазақстандық белгілі аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтың інісі Ерсұлтанбек Тауасарұлы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге барды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол әскер қатарына 2024 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласынан шақырылған. Бүгінге дейін ол әскери ортаға бейімделіп, арнайы оқу курсынан өтті. 4 оқу ротасының қатардағы жауынгері Ерсұлтанбек Тауасарұлы биыл 11 қаңтарда әскери ант қабылдады. Салтанатты іс-шараға оның ата-анасы, бауырлары және нағашылары келген.  

«Туған бауырымды Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге жібердік. Бүгін әскери ант қабылдау іс-шарасына қатысып отырмыз. Қашанда елді, жерді қорғау – ер азаматтың парызы. Бұйырса, інім жауынгерлік қызметін абыроймен атқарып шығады деген сенімдемін», - деді ММА шебері Қуат Хамитов.

Дәл осы күні елордалық бригаданың 700-ге жуық сарбазы әскери ант қабылдады.

«5573 әскери бөліміне тап болғаныма қуанып жүрмін. Мұндағы қызметім өзіме ұнап жатыр. Келгенімізге бір айдан асты. Қазірдің өзінде жауынгерлік қызметтің қыр-сырына қанығып алдық. Жақын уақытта Астана қаласының тыныштығын қорғап, заңның сақталуын және азаматтардың құқықтарының бұзылмауын қадағалаймыз», - деді қатардағы жауынгер Ерсұлтанбек Тауасарұлы.

Ресми іс-шара аяқталғаннан кейін ата-аналарға әскер қатарында жүрген балаларымен кездесуге рұқсат берілді. Осы сәтте белгілі файтер інісімен жолығып, естелік суретке түсті.

Айта кетейік, Қуат Хамитов аралас жекпе жектен 26 мәрте жеңіске жетіп, 8 рет жеңілген. Сондай-ақ оның еншісіне 2 тең нәтиже тіркелген.