Министр мектептерге шетелден мұғалімдерді шақырту тәжірибесі туралы айтты
Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында «не себепті Назарбаев зияткерлік мектептерінде шетелдік мұғалімдердің жалақысы жергілікті педагогтерден жоғары» екені сұралды.
Өз кезегінде Ғ. Бейсембаев бұл жағдай аталған мектептің ішкі ережесіне және қойылған мақсаттарына сәйкес іске асырылып отырғанын айтты.
Осы мектептерде ғана емес, сонымен қатар басқа да халықаралық мектептерде, жекеменшік оқу орындарында міндетті түрде шетелден тиісті мұғалімдерді шақырту арқылы кейбір пәндерді қосымша оқыту тұрғысынан мұндай тәжірибе бар. Олар барлық пәндер бойынша жергілікті мұғалімдерді алмастырып отырған жоқ, яғни кейбір қажет пәндерге ғана шақыртылған. Бұл іс-шаралар зияткерлік мектептердің алдына қойылған мақсаттарға толыққанды жетуге бағытталған, - деді Оқу-ағарту министрі.
Оның айтуынша, аталған мектептерде қолданылып жатқан осы тәжірибесіне орай оқушылар үлкен халықаралық олимпиадаларда өте жақсы нәтижені көрсетіп отыр.
Сондықтан осы мектептерде іске асырылып отырған жұмыстар балалардың білімінің сапалы болуына оң әсер етіп отырғанын және оның дұрыстығын байқатып отыр, - деді ведомство басшысы.