Елорда жаңалықтары

«Менің елім»: Астаналық оқушылар арасында сурет байқауы өтті

Астана қаласы Білім басқармасы мен ЮНЕСКО балалар көркемсурет мектеп-клубының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында елордалық оқушылар арасында «Туған жер», «Туған өлкем», «Менің елім» тақырыбында сурет байқауы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Табиғатты қорғауға назар аудару, экологиялық сананы тәрбиелеу және балалар арасында көркемдік қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға 77 жұмыс түсті.

«Байқауда оқушыларға шығармашылық арқылы қоршаған ортаны қорғауға деген қызығушылығын ояту, экологиялық идеяларды көрсету, көркемдік дағдылары мен ойлау деңгейін дамыту, экология мәселелері мен оларды шешу жолдары туралы жұртшылықтың хабардар ету міндеті жүктелді», - делінген ұйымдастырушылар таратқан хабарламада.

Фото: Астана қаласы Білім басқармасы​​​​​​

Конкурс шарты 8-16 жас аралығындағы Астана қаласының мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарының оқушыларының қағаз, акварель, гуашь, түрлі-түсті қарындаштар сияқты құралдарды пайдаланып салған тақырып сәйкестігі, идеяның өзіндік ерекшелігі, көркемдік шеберлік және композиция, орындау сапасы сияқты критерийлер бойынша бағаланды.

Байқауда Қазақстан Суретшілер одағының өкілдері мен белгілі суретшілер, педагогтер қазылық етті.

Байқаудың үздік жұмыстары Астанадағы немесе басқа қалалардағы көпшілік көрмелерге қойылып, ұйымдастырушылардың ресми платформаларында онлайн-галереяларда орналастырылады.

«Таза Қазақстан» акциясы экологиялық ағарту және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық қозғалыс ретінде іске асырылып келеді. Ауқымды экологиялық науқан аясында ел көлемінде сенбіліктер, байқаулар, қалдықтарды жинау бойынша акциялар және басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр.