«Менің Қазақстаным» флешмобына 500-ден астам елордалық ардагер қатысты
30 тамыз - Конституция күніне орай елордалық Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі ауқымды іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ою-өрнекпен әдіптелген ұлттық киім киген ақ жаулықты аналар мен ақсақалдар Отанға деген сүйіспеншілік пен еліміздің Ата заңын қастерлеу сияқты ізгі қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру үшін таңертеңгілік «Қазақ елі» монументінің жанына жиналды.
«Конституция күні қарсаңында Алматы ауданы әкімдігінің қолдауы және осы ауданның ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» деген ұран-лейтмотивімен флешмоб өткізіліп отыр. Бұл іс-шараны өткізу біздің ардагерлер үшін 3 жылдан бері өзіндік дәстүрге айналды. Флешмобқа алғашқы жылы 150 ардагер қатысқан болса, одан кейінгі жылы 300 зейнеткер атсалысты. Биыл 500-ден астам қариямыз ұрпақ сабақтастығын өнегелі үлгісімен жалғау үшін жұдырықтай жұмылды. Флешмобқа ауданның барлық ниет білдірген үлкендерін шақырдық. Олар дайындыққа да, іс-шараның өзіне де бар ынтасымен атсалысып отыр. Тойға келгендей ұлттық киіммен келген ардагерлердің сән-салтанаты бүгінгі шуақты күнмен астасып, алаңды нағыз мерекеге айналдырып жіберді», - деді Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин.
Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі, ардагер журналист Баян Бұлғақбаева бүгінгі іс-шараның тәрбиелік мәні зор екенін айтты.
«Бүгін «Қазақ елі» монументінің қасында көрнекті де мән-маңызы зор көрініс қойылып отыр. Жасы 60-ты алқымдап, 80-ге тақаған қарттарымыз келешек ұрпаққа үлгі көрсетейін деп орамалын тағынып, шапандарын жабынып, осы іс-шараға бір кісідей жиналғанының өзі - бір ғанибет, үлкен құптарлық іс. Біз, ардагерлер, ел азаматтарының Ата Заңымызды қадірлеп, соның жолында еңбек етсек, болашағымыз жарқын болатынына сенеміз», - деді Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі, ардагер журналист Баян Бұлғақбаева.
Ол осыншама көп ардагерді жинап, дайындаудың өзі үлкен күш-жігерді талап ететінін айтып, бұл тұрғыда флешмобтың идея авторы және режиссері, мәдениет саласының ардагері Раушан Ысқақованың еңбегі зор екеніне де көп назар аударды.
«Елімізде түрлі елеулі оқиғалар болып жатыр. Кешегі Париж Олимпиадасындағы спортшыларымыздың жеңісі, одан қалса ұлы даланың дүбірі - Көшпенділер ойыны өткелі отыр. Ата заңымыз қабылданған күн де атап өтілмек. Міне, осындай отансүйгіштік сезімін алаулататын ауқымды іс-шараларға ақ батамызды беріп, қолдау үшін осы жерге жиналып отырмыз. Біздің мақсатымыз - өзіміз үлгі көрсете отырып, қазақ елінің патриоттарын тәрбиелеу», - деді флешмобтың идея авторы және режиссері, мәдениет саласының ардагері Раушан Ысқақова.
Флешмобта ардагерлер әнұранды шырқап, көк туды желбіретті. 500 ардагер ел байрағындағы жарқыраған күн мен қалықтаған қанатты бейнеледі. Аталған көрініс дронмен таспаға түсіріліп алынды.