Елорда жаңалықтары

Мемлекеттік гимнді жанды дауыста орындаған хоккейшілер челленджді өзге спортшыларға жолдады

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №10 Балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында жаттығу барысында Мемлекеттік гимнді жанды дауыста орындады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жас хоккейшілер бұл челленджді басқа спортшыларға жолдады. 

Мектептің шайбалы хоккейден жаттықтырушысы Николай Заводовтың айтуынша, әр жаттығу барысында тәрбиеленушілер гимнді жанды дауыста орындайды. Бұл дәстүр жас спортшылардың патриоттық рухын қалыптастыруда және Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда ерекше рөл атқарады. 

«Бұл патриоттық орындау жас спортшыларға Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын сезініп, елге деген мақтаныш сезімін ұялатады. Біз әрдайым балаларға мемлекеттік мерекелердің тарихи және рухани маңыздылығын түсіндіруге көңіл бөлеміз», – деді Николай Заводов.

Айта кетейік, Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін Астана қаласының басқа да спортшылары жаттығу барысында орындады.

Сонымен қатар, мереке қарсаңында елге танымал спортшылар да барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді. Олардың қатарында еркін күрестен үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан, бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай, ауыр атлетикадан жастар және жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Едіге Емберді, қазақ күресінен әлем чемпионы әрі Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Олжас Шынкеев, сондай-ақ панкратионнан әлем чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы және ММА шебері Жасұлан Әкімжан бар.