Елорда жаңалықтары

«Мектепке жол»: Елордада 200-ден астам балаға оқу құралдары таратылды

Елордадағы Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен  «Мектепке жол»  қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Аналар кеңесінің, «Жомарт жан» орталығының қолдауымен өткен іс-шарада 200-ден астам балаға мектеп сөмкесі мен оқу құралдары берілді.

Игі шараның ашылу салтанатына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қатысып, акцияға қолдау көрсеткен барлық жаңашыр жандарға алғыс білдірді.

«Бүгін елорда тұрғындарымен бірге жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық  акциясының куәгері болып отырмыз. Бұл акция  Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының  қолдауымен өтіп жатыр. Балаларға мектепке қажетті барлық құрал-жабдықтар беріледі. Осы орайда акцияға атсалып, көмек көрсеткен қалалық Қазақстан халық Ассамблеясына және демеушілерге алғысымды білдіремін»,- деді басқарма басшысы.

 

Астана қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Әміржан Әлпейісов акцияның мақсатына тоқталып өтті.

«Бүгінгі акцияның   мақсаты – оқушыларды мектепке қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға жаңа оқу жылы аясында әлеуметтік қолдау көрсету. Аталмыш акцияға елордалық ҚХА  жыл сайын белсенді түрде қатысып келеді» - деді Әміржан Әлпейісов.

Елорда тұрғыны Зархан Джабраилова жыл сайын мұндай көмек түрін алатынын айтып өтті.

«Мен жыл сайын «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығы атынан материалдық көмек аламын. Оның ішінде балаларға қажетті керек-жарақ пен азық-түлік бар. Менің төрт балам бар. Олардың үшеуі мектепке барады. Бүгін акция аясында мектеп сөмкесін алуға келдік. Көмек көрсетіп жатқан барлық қайырымды жандарға алғыс білдіремін», - деді елорда тұрғыны.

 

Бүгінгі іс-шарада ұйымдастырушылар балаларға  қызықты ойын-сауық бағдарламасын да дайындаған.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалалық Ассамблея мүшелері көрсеткен қайырымдылық және гуманитарлық көмектің жалпы сомасы шамамен 49,5 млн теңгені құрайды.