Мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыру жобасы іске асырылып жатыр
Елорданың Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордадағы мектепке дейінгі ұйымдардың ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшуі мәселесі талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ел аумағында мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыру жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында кезекке тұрудан бастап мектепке дейінгі ұйымдардың қызметтеріне ақы төлеу мәселесі сияқты барлық процедуралар толық қайта қаралуда. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев брифингте егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
«Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру жобасы Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында енгізілді. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің тиімді тұстарына келсек, біріншіден, ваучер алған ата-аналар тізімге енгізілген кез келген балабақшадан орын алады. Қызмет көрсету сапасын жақсарту ата-аналарға таңдау еркіндігін береді және балабақшаларға келушілерді тартуға ықпал етеді. Нәтижесінде біз «әділдік» қағидасына қол жеткіземіз.
Екіншіден, балабақшалардың жұмысын бағалаудың ұтымды тәсілі болмақ. Жүйе арқылы ата-аналар білім беру қызметінің сапасын тікелей бағалайтын болады. Бұл субъективтілікті жойып, қызмет көрсетудің жалпы деңгейін арттырады. Сонымен қатар жоба салауатты бәсекелестік тудырып, нарықтағы сапаны айтарлықтай жақсартатын жаңа құрылтайшыларға есік ашады. Тиісінше, бұл қадам «сапа» принципіне жетелейді.
Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдардың әрбір балабақшаға мемлекеттік тапсырыс көлемін бекіту функционалдығы жойылады және ваучерлік қаржыландыруға толығымен көшу жүзеге асырылады, яғни енді қаражат балаға беріледі. Егер бала басқа балабақшаны таңдап, ауысқан жағдайда, ваучер де сол балабақшаға ауыстырылады. Осылайша, «ашықтық» принципіне қол жеткізіледі», - деді Қ.Сенғазыев.